Шымкент тұрғыны баласын үйге айырбастайтынын айтқан. Бұл мәселе "Астарлы ақиқат" бағдарламасында көтерілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шымкенттік әйел Айжамал Исмагулова 15 жылдан бері пәтер жалдайтынын айтады. Ол 20 жасында тұрмысқа шыққан. Оның бірінші некесінен бес баласы бар. Кейін заңды түрде ажырасқан. Оған себеп ретінде Айжамал бұрынғы күйеуінің ішкілікке құмар болғанын жеткізді. Қазір жігітінен аяғы ауыр. Оның сөзінше, бұрынғы күйеуінен алимент ала алмай, ішіндегі сәбиін қалай асырарын білмей, ақшадан қысылған соң осындай шешім тапқан.
"Көмектесетін ешкім жоқ. Әке-шешем Ташкентте. Мына жерде суық. Барлық жер көгеріп кеткен. Ақша төлеуден қиналамын. Өзімнің үйім болса", - деген еді ол.
Айжамал Исмагулова жігіті әрі құрсағындағы сәбиінің әкесі Бекжан Әлжановпен танысқанына бір жылдан асқан. Ал Бекжан Әлжановтың бұған дейін өз отбасы, ата-анасы, әйелі, үш қызы болған. Оның ата-анасы баласын басы дуаланғанын айтады. Бірақ Айжамал Бекжанның өз отбасына кеткенін қалап отыр екен. Өйткені ешкімнің көз жасына қалғысы келмейді. "Кет" дегені үшін бірнеше рет соққыға да жығылыпты.
Білім беру ұйымы өкілдері де осы бағдарламаға келген. Олар Айжамал Исмагулованың балалары Бекжан Әлжановпен бірге тұрғысы келмейтінін жеткізген.
Бағдарлама аяғында Айжамал Исмагулова баласын ешкімге бермейтінін айтты.
"Бермеймін ешкімге (баланы - еск.). Амалымның жоғынан айттым", - деді Айжамал Исмагулова.
Ал Бекжан Әлжанов ештеңе айта алмайтынын жеткізді. Сондай-ақ, Шымкент қорғаншылық және қамқоршылық органдары өкілдері Айжамалды декреттік демалысқа, яғни 4 айға жұмыспен қамтамасыз ететінін мәлімдеді. Ал заңгер Қуат Ауғанбеков бірінші некеден туған бес балаға алимент өндіріп беру мәселесін қолға алды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!