Астана тұрғыны елорда әкімі Жеңіс Қасымбекке шағымданды. Қала тұрғынының сөзінше, баласына балабақшада буллинг жасалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әкімнің халықпен кездесуі кезінде Сарайшық ауданының тұрғыны ауданда мемлекеттік мектепке дейінгі мекеме жетіспейтінін, ал ата-аналар балаларын жеке балабақшаларға беруге мәжбүр екенін айтты. Оның сөзінше, осындай мекемелердің бірінде өрескел жағдай болған.
"Жеке балабақшаларға беруге мәжбүрміз. 2024 жылғы тамыздан бастап ұлым жеке балабақшаға барды. Былтыр 26 қыркүйекте ата-аналармен арада жанжал шықты, екі жасар балам осы балабақшадан ресми рәсімдерсіз заңсыз шығарылды. Мекеме әкімшілігі тарапынан әлеуметтік буллинг белгілері бар іс-әрекет жасалды", - деді әйел.
Жергілікті тұрғынның айтуынша, оның баласын "кішкентай Бишімбаев" деп атаған.
"Балама әлеуметтік буллинг жасалды, олар оны "кішкентай Бишімбаев" деп атай бастады, жағдай осындай сөздерге дейін жетті. Полицияға, прокуратураға, білім басқармасына арыздар жазылды. Олар жеке балабақшаларды қарамайтынын айтты", - деп шағымданды ол.
Астана тұрғынының айтуынша, бұл балабақша кейбір филиалдары арқылы мемлекеттік дотация алады, ал төлемді басқа филиалы арқылы қабылдайды.
"Арыз жазылды, бірақ ешбір органның шешімі болған жоқ, полицейлер бұл олардың құзыретінде емес екенін айтты", - деді әйел.
Елорда әкімі жағдайға алаңдаушылық білдіріп, бұл істі жеке бақылауына алуға уәде берді.
"Құқық қорғау органдарына арыз жазыңыз, мен бақылауға аламын. Әріптестеріміз тексереді, бұл жайт расталса, олар жауапқа тартылады", - деді Жеңіс Қасымбек.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз