- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Баламды бірінші сыныпқа...
"Баламды бірінші сыныпқа қабылдамай отыр". Астаналық бүлдіршіннің анасы жанайқайын айтты
Редакцияға жүгінген елорда тұрғындарының бірі жанайқайын жеткізді. Оның сөзінше, мектептер оқушы көп екенін сылтауратып, баланы бірінші сыныпқа қабылдаудан бас тартқан. Мектептер толып қалса, ата-аналар баласын қайда оқытуы керек? Massaget.kz тілшісі осы мәселеге байланысты Астана қаласының Білім басқармасына сұрау салып, елорда тұрғынымен сұхбаттасты.
Астана тұрғыны Сымбат бұл қалаға 2021 жылы көшіп келгенін айтады. Ал биыл қызын мектепке беруде қиындықтар туындапты. Тіпті бір айдан аса уақыт бойы қызының құжаттарын ешқандай мектепке тапсыра алмапты.
"Биыл қызымыз 1-сыныпқа бару керек еді. Мектепке құжатымызды тапсыра алмай жүрміз. Еш мектеп қабылдамай жатыр "мектеп толды" деп. Құжатымызды 5 маусымда балабақшадан алдық. 10 маусымнан бастап мектепке құжат тапсыруға барсам, "сізді қабылдамаймыз" дейді. Үш мектепке бардым. Үйдің дәл жанындағы №79 мектеп, арғы жақтағы №71 мектеп, кішкене алысырақ №17 мектеп бар, қайсысы болса да бара берейік дедік. Есіл ауданы, жағалау жақ. Ешқайсысы алмайды. "Бала толық" дейді. Қандай мектеп болса да деп Egov арқылы тапсырып жатырмын. Бәрі бас тартып жатыр. Түсінбедік. Енді не істейміз? 2017 жылғы бала, жақында жетіге толады. Бір айдан асты, әлі жүгіріп жүрмін. Мен ғана емес дәл солай жүрген. Көбі құжаттарын қолына ұстап келе жатады. "Орын жоқ деп айтты, бір ай болды, мамырдың соңында бардым, қабылдамады", - дейді Астана тұрғыны Сымбат.
Редакцияның сауалына жауап берген Білім басқармасы өкілі бірінші сыныпқа барлық оқушыны қабылдайтындарын айтты. Сондай-ақ, қызының құжаттарын тапсыра алмай жүрген ата-анамен байланысқандарын, тұрғылықты мекен жайы бойынша мектепке орналастыратындарын мәлімдеді.
Астанада 2022-2023 оқу жылында 164 мектеп бар екен (100-і - мемлекеттік, 57-сі - жекеменшік, 7-і республикалық).
"1 сәуірден бастап 1 тамызға дейін жалпы орта білім беретін мектептерге бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау жүріп жатыр. Биылғы оқу жылына бірінші сыныпқа болжаммен жиырма алты мыңға жуық бала келеді деп күтіліп отыр", - дейді ведомство өкілі.
Ведомство мәліметінше, мына жағдайларда мектеп бірінші сыныпқа құжат қабылдаудан бас тартады:
- құжаттар топтамасын толық ұсынбағанда;
- ұсынылған құжаттар дұрыс емес екені анықталған жағдайда.
"Ата-аналар құжаттарды egov.kz веб-порталы арқылы немесе құжатты қолма-қол мектепке апарып тапсыра алады. Тұрғылықты мекен жайы арқылы және 3+1 қағидаты бойынша тапсыра алады. Яғни, алғашқы үш өтініш мектептің аумағында тұратын балалардан қабылданады. Біреуі ата-аналардың өтініші бойынша, яғни таңдау бойынша (3+1 қағидаты бойынша). Барлық мектеп баланы тұрғылықты мекен жайы бойынша қабылдауға міндетті. Елордадағы барлық оқушы мектепке орналастырылады", - деді Білім басқармасының баспасөз қызметі өкілі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова