Жамбылда мектеп оқушылары астан уланып, ауруханаға түсті. Ыстық тамақпен қамтуға жауапты мердігер 82 мектепте ас әзірлейді. Облыстық прокуратура тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп гимназиясының оқушылары асханадан ас ішіп, жаппай ұшынған. Алдымен алғашқы ауысымнан шыққандар басы айналып, жүрегі айнып, түске таяу ауруханаға түскен. Артынша екінші ауысымның балалары да дәл осындай ішек инфекциясы диагнозымен бірінен соң бірі аудандық ауруханаға түскен.
"Кеше мектептен келгеннен кейін құсып бастады. Құсқаны қоймады. Қайта-қайта құсу болды. Әлсіреу болды балада. Жедел-жәрдем ішінде де құсып барды. Кеше қатты ауыр жағдайда болды. Қорықтым. Балам үшін қорықтым", - дейді ата-ана Жадыра Есбосынова.
Аудандық аурухананың алды кешелі бері абыр-сабыр. Жедел жәрдем қызметі тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Себебі сол мектептен ыстық тамақ ішкен бастауыш сыныптың 438 оқушысының үй-үйлеріне барып жағдайларын бақылауға кіріскен. Ол үшін 16 мобильді топ құрылды. Бүгінде 46 адам ақ халаттылардың көмегіне жүгінген. 44-і оқушы, 2-і ұстаз. Оның 11-і дәрігердің қарауынан кейін үйіне қайтарылған. Қазір 35 адам әлі ауруханада ем қабылдап жатыр.
"Бір-бірден келіп, одан кейін жиі келе бастады. Бүгінгі жағдайы тұрақты, шағымдары жоқ. Іш өту, жүрек айну, құсу бәрі жоқ. Температура бәрі қалыпты. Түнгі сағат үшке дейін 350 бала көрінді. Олар үйінде, жағдайлары бәрі жақсы", - дейді Байзақ аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Жандос Рысқұлов.
Мектеп асханасы қазір жабық. Ал сабақ кесте бойынша жүріп жатыр. Бірақ бұл жағдайдан кейін мектеп оқушыларының көбі сабаққа келмеген. Қазір асханадан түрлі сараптамалар алынып, зертханаға жолдаған.
Мектеп оқушылары нақты қандай астан уланғаны белгісіз. Кеше ас мәзірінде тауық етінен палау, қызанақтан жасалған салат, кептірілген жемістен компот және нан болған. 10 күн ішінде сараптама қорытындысы шыққан соң облыс әкімдігі шешім шығармақ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!