- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Балам сөйлемейді: қай...
Балам сөйлемейді: қай кезден бастап дабыл қағу керек?
Әр бала жеке тұлға, сондықтан олардың даму уақыты да әртүрлі. Кейбір ата-аналар перзентінің 1 жаста белгілі бір іс-әрекетті істемейтініне алаңдап, дабыл қақса, енді бірі уайымға салынбай, күткен дұрыс деп санайды. Бала диагнозбен туылғанын қалай анықтауға болады? 2 жастан асқан бала сөйлемесе, ата-ана не істеуі керек? Бұл сұрақтардың жауабын Massaget.kz тілшісі логопед-дефектолог Меруерт Баймұратқызынан білді.
Бала қанша жастан бастап сөйлеп бастауы қажет?
Маманның айтуынша, бала 5-6 айлық кезінде гуілдеп, дыбыс шығара бастауы қажет.
"Кейбір балалар тіпті 3-4 айында дыбысын шығарады. Ересек адамдар балаға қарап сөйлегендіктен, оның дауысқа еліктеп, өзі де дыбыс шығаруға тырысады", - дейді ол.
1 жасқа толмаған балалар мән-мағынасыз буын тізбегін дыбыстайды - бұл былдырлау деп аталады. Бала 1 жас 2 айында ең алғашқы сөздерін айтуы керек. Егер бала 1 жас 3 айында мүлде сөйлемесе, ата-анасы бірден маман кеңесіне жүгінгені дұрыс. Әдетте тез дамып келе жатқан балалар алғашқы сөз тіркестерін 1 жас 6 айында айта бастайды. Бұл екі сөзден тұратын ең қарапайым сөз тіркестері, яғни грамматикалық тұрғыдан дұрыс болмауы мүмкін, бірақ оларда етістік пен зат есім болуы керек. Мысалы, су бер, есікті аш және тағы басқа. Бала 2 жас 2 айында ойындағысын дұрыс жеткізе білуі керек. Егер бала 2 жас 3 айлығында бірде-бір сөз тіркесін айтпаса, бұл ата-ананың уайымдауына салмақты себеп бола алады.
"Бала дүниеге өзінің дыбысымен келеді. Бәрі оның жылауынан басталады. Баланың туылғанына бір-екі апта болғанда ол ата-анасының дауысына қарап, зейіні ашыла бастайды. Ақыры гуілі ыңылға айналады. Бала 1 жас 6 айда "мама", "папа" және тағы 15 сөзді айтады. Ал екі жасында екі-үш сөзден құралған сөздерді айта алуы қажет. 3 жасынан бастап бала 1000 сөз білуі қажет", - деп түсіндірді маман.
Фото: elements.envato.com
"Гаджет нәрестенің денсаулығына зиян тигізетін сәуле шығарады"
Меруерт Баймұратқызының сөзінше, баланың дамуында оның ата-анамен байланысы үлкен рөл атқарады.
"Бұрынғы ересек адамдар баланы алдына отырғызып, онымен байланыс орнататын еді. Мысалы, анасы оны емізгенде, оған қарап отырып, маңдайын иіскеп, екі қастың ортасынан жоғары қарай сипап, тартып, оның дамуына үлес қосқан. Ана мен баланың арасындағы байланыс осы кезден басталады. Әйел нәрестесін емізгенде бар мейірімін төгуі қажет. Ал бүгінде бәрі керісінше. Жас аналар баланы омыраумен тамақтандыру кезінде ұялы телефонға үңіліп отырады, бар назар гаджетке аударылады. Оған қоса, гаджет сәуле шығарып, ол баланың денсаулығына үлкен зиянын тигізеді. Телефонды баладан аулақ ұстаған жөн", - деді ол.
Баланың дамуына оның жалаң аяқ жүріп, жерді табанымен басу да айтарлықтай септігін тигізетін көрінеді. Логопед бала жалаң аяқ жерде жүрген кезде оның сезу мүшесі оянып, майтабан секілді аурулардың алды алынатынын түсіндірді. Ол ата-аналарға күніне бір мезгіл баланы аяғын зақымдамайтын, таза жерде, жалаңаяқ жүргізуді ұсынды.
"Заманауи гаджеттер жоқ кезде, балалар жалаң аяқ топырақ басып, ағашқа өрмелеп көп ойнайтын. Ал қазір ата-ана баланы төрт қабырғаның ішінде қамап ұстайды, үйдегі заттарды көруге қызығушылық танытса, "шашуға немесе шулауға болмайды" деп қолынан бәрін тартып алып, баланы теледидардың алдына отырғызып қояды. Балаға шамадан тыс шектеу қойылғандықтан, оның дамуы кешігеді. Егер отбасы көпқабатты тұрғын үйде тұратын болса, ата-анасы бос уақытында баланың ұсақ және ірі маторикасын дамытуға тырысуы қажет. Тіпті мүлде мүмкіндік болмаса, қарапайым макаронды майдалап, оны саусақ, алақанына тигізуі қажет. Сөйлемейтін баланың сөздері оның саусақтарының ұшында тұрады. Сондықтан баланың саусақтарын уқалап тұру керек", - деді ол.
2 жастан асқан бала сөйлемесе, не істеу керек?
Осы тұста логопед ата-аналар көп жіберетін қателіктің бірін айтты. Оның сөзінше, баланың кеш дамуын оның мінезімен байланыстыруға болмайды.
"Кейбір ата-аналар сөйлемейтін, тұйық баласын "жоқ, өзінің табиғаты, мінезі осындай. Әкесіне не анасына ұқсаған" деп күтіп жүре береді. Бұл дұрыс емес. Олардың осындай бейқамдығынан баланың диагнозбен туылғаны өте кеш анықталып жатады. Ата-ана баланы дәрігерге неғұрлым ертерек апарса, оны емдеуге мүмкіндік соғұрлым үлкен болады", - деді маман.
Фото: elements.envato.com
"Баланы балабақшаға жіберсе, сөйлеп кетеді" деген рас па?
Логопедтің сөзінше, "егер бала мүлде сөйлемесе, балабақшаға барған кезде сөйлеп кетеді" деген ел арасында тараған пікір - қате.
"Баланы балабақшаға жібермей тұрып, онымен жұмыс істеу қажет. "Жығылғанға жұдырық" демекші өзі сөйлемейтін баланы балабақшаға берсеңіз, ондағы басқа балалар "неге сөйлемейсің?" деп үстемдік көрсетіп, жағдайды ушықтырып жіберуі әбден мүмкін. Оған қоса, мен мекемедегі тәрбиешілер сөйлемейтін балаға оң көзқараспен қарайды деп ойлаймаймын. Кейбір тәрбиешілер балаларға өте салғырт қарайды. Сондықтан ата-ана сөйлемейтін баланы балабақшаға бермей тұрып, онымен өздері айналысуы қажет. Бала өз бетінше "тұрамын, сиемін, тамақ ішемін, отырамын, тұрамын" деген кезде ғана, өзінің эмоциясын ашық білдіре алатын жағдайда ғана оны балабақшаға беру керек. Осы аталған іс-қимылдарды өзі істей алмайтын баланы мүлдем балабақшаға беруге болмайды, тіпті ол коррекциялық балабақша болса да", - деді маман.
Сонымен қатар, маман балаға сөйлеген кезде оны еркелетіп, сөзді ауыстыруды қойып, таза әрі нақты сөйлеу қажет екенін алға тартты.
2-3 жастағы бала бәрін түсінеді, бірақ сөйлемейді. Неліктен?
Меруерт Баймұратқызы мұндай құбылыстың бірнеше себебін тізді.
Біріншісі, сөйлеу аппаратының бұзылуы. Бұл артикуляциялық дыбыстарды айта алмауы немесе еріннің дұрыс жұмыс істемеуінің салдарынан болады. Мұндай кездерде дизартрия (тіл күрмелу) диагнозы қойылып жатады.
Екіншісі, моторлы алалия. Үйде баланың сөздік қоры 4-5 сөзден аспайды, яғни баланың орталық жүйке жүйесіне келетін сигнал әлсіз болып, сөйлеу аппаратымен байланыс орнамайды.
"Бұл екі жағдайда да білікті маманның кеңесі қажет", - деді логопед.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Б. Жұмаділлә