Қызылордада Mitsubishi Lancer жүргізушісі балалы әйелді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Зардап шеккен әйелдің жағдайы туралы мәлімет белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
16 қазанда Қызылорда облысы Полиция департаменті адам өліміне әкеп соққан жол апаты және оқиға орнын тастап кету дерегі бойынша соталды тергеу басталғанын хабарлады.
Өңірлік Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері зардап шеккен әйелдің жағдайына қатысты пікір білдірді. Мәлімет бойынша науқас 13 қазанда сағат 18:00-де түскен, қазір ол көпбейінді облыстық ауруханада ем қабылдап жатыр.
"Науқастың жағдайы алған жарақаттарына байланысты тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Ол жансақтау бөліміне түсті, өздігінен тыныс алып жатыр, гемодинамикалық көрсеткіштері тұрақты, энцефалопатия белгілері сақталып отыр. Науқас қарқынды терапия алып жатыр", - деді ведомство өкілдері.
Зардап шеккен әйелге бас жарақаты, қабырға, бұғана, жамбас сүйектері сынуы, сондай-ақ, өкпе жарақаты диагнозы қойылған. Оның жағдайын III дәрежелі травматикалық шок қиындата түскен.
Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері жол апатынан кейін қаладағы ауруханалардың біріне сәби де жеткізілгенін айтты. Бес айлық нәрестені жедел жәрдем бригадасы 13 қазанда сағат 17:33-те көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізген.
"Сағат 17:33-те бірден толық көлемде жансақтау шаралары басталды. Бала ауыр жарақаттар алған. Жансақтау шараларына қарамастан, сағат 19:05-те биологиялық өлім тіркелді", - деді ведомство өкілдері.
16 қазанда өңірлік полиция күдікті анықталғанын, алайда оны іздестіру шаралары жалғасып жатқанын мәлімдеді. 20 қазанда күдікті жүргізуші әлі табылған жоқ.
"Қызылорда облысы Полиция департаменті оның жүрген жерін анықтау және ұстау бойынша барлық шараны қабылдап жатыр. Қаладан шығаберісте өткізу режимі күшейтілді. Күдіктіні ұстау бойынша жедел іздестіру шараларына департаменттің күштері мен құралдары жұмылдырылды", - деп жазылған бұған дейінгі хабарламада.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова