Атырау облысында балаларына алимент төлемеген әке қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қызылқоға аудандық сотында ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-бөлігімен 2 азаматқа қатысты 2 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды.
Сотта құқы бұзушылар кәмелетке толмаған балаларын асырап бағу үшін айлық табысының және өзге де кірісінің тиісті мөлшерінде алимент өндіру туралы сот бұйрығын орындамағаны анықталды.
Сот отырысында құқықбұзушылар өз кінәларын мойындап, жұмысқа орналасуға және балаларын асырап бағу үшін алимент төлеуге уәде берді.
ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-бөлігінің санкциясында 5 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза көзделген. Сот қаулыларымен құқықбұзушылар кінәлі деп танылып, олардың әрқайсына 3 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылды.
Сот қаулылары заңды күшіне енді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!