ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева Түркістанда екі баласын тұншықтырып өлтірген әйелге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Қазір бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, министрлік тарапынан қатаң бақылауға алынды. Заңға сәйкес қылмыстық іс бойынша мәліметтер әзірше құпия, айтуға болмайды. Ал бұл отбасында бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық болғаны не болмағаны қылмыстық істі тергеу аясында тексеріліп жатыр. Бір айта кетерлік жайт, ол отбасынан Қызылорда облысында да, Түркістан облысында да тұрғанда ішкі істер органдарына ешқашан шағым түспеген. Бірақ әйелдер отбасында зорлық-зомбылыққа көніп, арыз бермей жүруі де мүмкін. Сондықтан оның бәрі қылмыстық істі тергеу барысында тексеріліп, қорытындысы шығарылады", - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі дөңгелек үстел барысында.
Оның сөзінше, қылмыстық істерді тергеу барысында мұндай жайттардың бәрі соңына дейін тыңғылықты қаралады.
"Мұндай қылмыстық істердің қорытындысында көбіне отбасылық қиыншылықтардың себеп болғаны анықталады. Сонымен қатар, қылмысты жасаған адамның психикалық ауытқулары да себеп болады", - деді ол.
Еске салайық, 7 ақпанда Түркістандағы жалдамалы пәтерлердің бірінен екі кішкентай бала өлі табылғаны хабарланды.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өлімнің себебін анықтау үшін балалардың денесі сараптамаға жіберілді.
Кейінірек балаларды өлтірді деген күдікті өз анасы деген деректер шықты. Ол Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы А.С.Пушкин атындағы N46 мектеп-лицейінің мектепке дейінгі мекемесінде тәрбиеші болып жұмыс істеген. Мұны Шиелі аудандық білім бөлімі растады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз