Балаларын аяусыз ұрып, денесін үтікпен күйдірген: Шымкентте 30 жастағы әйелге қатысты шешім шықты

Шымкентте балаларын қорлаған әйелдің ата-ана ретіндегі құқығы шектелді. Биыл қаңтарда әлеуметтік желілерде осы оқиғаның жантүршігерлік видеосы тараған еді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Шымкентте 30 жастағы әйел туған балаларын аяусыз ұрып-соғып, денесін үтікпен күйдірген деген күдікке ілінді. Анасынан зәбір көрген ұл мен қыз ауруханаға түскені де айтылды. Туыстарының сөзінше, әйел баланың аузына қыздырып шанышқы да басқан.

Соттың шешімі

Шымкенттің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаланың Білім басқармасының талабы қаралған. Білім басқармасы жауапкер Э.-нің ата-ана ретіндегі құқығын шектеу және алимент өндіру туралы талап қойған.

Сот мәліметінше, жауапкер Э. - кәмелетке толмаған төрт баланың анасы, ал балалардың әкелері шет елде.

"Жауапкер Э. кәмелетке толмаған балаларына қатыгездік көрсеткені анықталды. Балалардың әкесі болған жағдайдан хабардар. Сот "Неке және отбасы туралы" кодекстің талаптарын және кәмелетке толмаған балалардың мүддесін негізге алып, талапты қанағаттандырды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ", - деп жазылған хабарламада.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!