- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Балаларымыз мектепке көрпеше...
"Балаларымыз мектепке көрпеше тасып, сабақта күртемен отырады"
Қоянқұс ауылындағы №47 мектеп 7 жылдан бері орталықтындырылған жылу жүйесіне қосыла алмай отыр. 2017-2018 оқу жылында пайдалануға берілген білім ошағы әлі күнге дейін дизельдік отынмен жылытылып келеді. Жылытылады деген аты ғана. Қыс бойы балалар көрпеше тасып, сабақта күрте киіп отыруға мәжбүр. Күмәндісі сол мәселені шешуге білім бөліміндегілер емес, ата-аналар асығып отыр. "Балаларымыз шетінен ауру" деген жұрттың жанайқайын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.
Жанар Сейтбекованың 4 баласы №47 мектепте білім алады. Көпбалалы ана білім ошағының орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмағанына наразы. Себебі дизелдік отынмен жылытылатын мектептің іші суықтан қақырап тұр.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов
"Менің осы мектепте 4 балам оқиды. Мектеп 2017-2018 жылғы оқу жылында қолданысқа берілген. Содан бері газ жүйесіне қостыра алмай жүрміз. Жылда ертеңмен бізді тойдырып келе жатыр. Жеті жылдан бері біздің өтінішіміз білім басқармасына жетпеді. Дизельдік отынды үнемдеңдер деп мектеп әкімшілігіне қысым көрсетеді. Ақыр соңында зардап шегіп жатқан балалар мен олардың ата-аналары. 2 күн сабаққа келсе 3 күн балалар ауырып жатады", - дейді көпбалалы ана Жанар Сейтбекова.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Білім ордасының қабырғасы.
Мектептің құрылысында да кінәрәт бар дейді ата-аналар. 7 жылдан бері асты су, үстінен жел гулеп тұр. Себебі төбеден аққан су төменге жиналған. Ылғалдың иісінен жүру мүмкін емес екен. Сынып жетекшілері скотчпен мектептің терезелерінен соққан желді бітеп отыр.
"Газ мәселесі бізді қатты алаңдатады. Мысалы газ 23-25 теңге тұрса, дизельдік отын 300 теңгеге бағаланған. Оны қыс бойы үнемдейді ғой сосын. Біреудің қалтасын томпайтып жатырмыз біз. Күн суығанда балаларымыз спортзалды мүлде көрмейді. Түске дейін мектеп жылиды да, түстен кейін батареялар салқындап кетеді. Демалыс күндері жылу жүйесін мүлде өшіріп тастайды. Балаларымыз мектепке көрпеше тасып, сабақта күртемен отырады. Сынып жетекшілері скотч әкеліңдер депті. Терезелерден соққан желді скотчпен бітеп жатыр. Былтыр қаңтар айында дизельдік отынның қатып қалуына байланысты сабақ болмай қалды", - дейді Жұмабекова Лаура.
Ата-аналардың айтуынша, мекеменің үшінші қабаты тіптен суық. Мектеп басшылығы сол қабатқа жоғары сынып оқушыларын жайғастырыпты.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.
Білім ордасының дәл түбінен жоғарғы қысымдағы магистральдық газ құбыры өтіп жатыр. Алайда №47 мектепке қосылмаған газ жүйесі 2018 жылы салынған Ынтымақ аулындағы 46-мектепке қосылған. Жаңадәуір ауылының мектебі де дәл осы құбырдан жылу алып отыр.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов
Ашуға булыққан ата-аналар Іле ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Ляззат Каткееваға барды. Ата-аналардың келгені сол-ақ еді білім бөлімінің басшысы "мектеп неге суық?" деп директордың жағасына жармаса кетті. Ата-аналардың айтуынша, жеті жылда мектепке бір мәрте бармаған Ляззат Каткеева неліктен температура режимі сақталмағанын сұрады. Ал мектеп директоры білім ордасындағы салқындық тек тоқсандық демалыстан кейін ғана болды деп ақталды.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов
Білім бөлімінің басшысы мәселені арнайы комиссия құру арқылы шешетінін жеткізді. Ал мектептің 7 жылдан бері орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмауын мемлекеттен қаржының бөлінбеуімен байланыстырды.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Іле ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Ляззат Каткеева.
"Арнайы комиссия құрып, мектептің жылу жүйесін толық тексерістен өткіземіз. Ал мектептің төбесіне қатысты мәселені түрлі жылу құралдарын алу үшін облыстық білім басқармасынан көмек сұраймыз. Бір жылдық отынның лимиті 87 мың литр. Десек те біз қосымша алдырып шамамен 100 мың литр дизельдік отын жібереміз. Бұл мектепті газ жүйесіне қосуды 3 жылдан бері сұрап келе жатырмыз. Биыл ғана мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінді", - дейді Іле ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Ляззат Каткеева.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.
Мектептің жеті жылдан бері газ жүйесіне қосылмауына дизельдік отын жеткізуші компания мен білім бөліміндегілердің арасында өзара келісім себеп болған жоқ па? - деген көкейде күмән туындайды. Алайда жауаптылар білім ошағының бас жоспарында дизельдік отынмен жылытылады деп көрсетілгендігін алға тартты. Ал Қоянқұс ауылындағы мектепті газ жүйесіне қосу жұмыстары осы жылдың тамыз айында басталыпты.
"Техникалық шарт 2023 жылдың тамыз айында алынды. Nº47 орта мектепті газға ауыстыру ушін жобалық-сметалық құжаттар дайындауға 4 миллион теңге бөлінді. 2023 жылғы 17 тамызда "Юг газ проект" ЖШС-мен келісім-шарт жасалды. Келісім шарттың орындалу мерзімі 4 айға созылады. Ол кейін мемлекеттік сараптамадаға жіберіледі. Олар бір айдың ішінде жауап беруі керек. Газ тартуға керекті қаражат белгіленгеннен кейін тендер жарияланады. Нақты жұмыстар қанша уақытқа созылатыны желтоқсан айында белгілі болады", - дейді Іле ауданы бойынша мемлекеттік сатып алу есепшісі Тарих Майхарин.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.
Айта кетейік Іле ауданы бойынша 55 мектептің 11-і дизельдік отын арқылы жылытылады. Білім бөліміндегілер бұл мектептер біртіндеп жылу жүйесіне қосылады деп сендірді. Ал Қоянқұс ауылындағы мектептің жылу жүйесіне қашан қосылатыны желтоқсанда белгілі болмақ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Зинешов