Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық педагогтер съезінде мектепте хиджаб кию мәселесіне тоқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Мен қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан - Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс.
Мектеп - ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным - әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек.
Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл - салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз", - деді Президент.
Айта кетейік, бұған дейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да мектепте хиджаб кию мәселесін көтерген еді.
"Қазір әлеуметтік желіде мектептерде хиджаб кию мәселесіне қатысты талқы тоқтар емес. Осыған байланысты, діни салаға жауапты лауазымды тұлға ретінде, өз тарапымнан түсініктеме беруді жөн көріп отырмын. Ата заңымызға сәйкес Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінген. Сөз жоқ, мемлекет дін бостандығына кепілдік береді. Бірақ біз - зайырлы елміз! Сол үшін де мемлекеттік саясаттың барлық мәселесі діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттеледі. Құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейді. Өйткені білім беру ерекшелігі бірыңғайлықты талап етеді. Ал Конституциямыз бойынша мектептің міндеті - ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және оны қамтамасыз ету. Сондықтан да мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек. Содан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын", - деген еді министр.
Кейін Үкімет отырысында Ғани Бектайұлына "хиджаб киюуге рұқсат бересіздер ме, жоқ әлде бермейсіздер ме" деген сұрақ қойылған болатын. Министр бұл сұраққа жауап беруден жалтарды.
"Біз бірнәрсені түсінуіміз керек. Біз бәріміз оған келістік, Конституцияда жазылған, біз зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан Конституцияға сәйкес мектептерде өмір сүруі керек деп есептейміз", - деген еді шенеунік.
Кейінірек министр даулы мәселеге қатысты тағы да пікір білдірді. Сонымен қатар, бұрынғы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Қазақстанның ұстанымын айтты.
Еске салайық, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Бағдат Самединова хиджаб киюге қатысты пікір білдірген еді.
"Біздің ата-бабамыз кезінде хиджаб жамылып, жүзін жасырған жоқ қой. Енді сол бола берсе, қажеті не сол хиджабтың. ... Хиджаб киіп жүрген қыздардың хиджабты ашып жіберген неше түрлі жағдайын көрдім. Мен соған жалпы риза емеспін. Басқа елді білмеймін, бірақ біздің қазаққа хиджаб кию үйлеспейді әрі жараспайды", - дейді ол.
Тағы да оқи отырыңыздар: Бала неге сабақ оқығысы келмейді?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!