- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Балаларым суыққа үйреніп...
"Балаларым суыққа үйреніп қалыпты". Тауда 20 жыл көмір жаққан отбасының оқиғасы
Қыста үйдің жылы болғаны кез келген отбасыға қуаныш сыйлары анық. Қақаған қыста азынаған аязбен алысып, көмір тасудың, от жағудың тауқыметі көп. Ал газ болса бұл қиыншылықтың бәрін ұмыттырып, жылы үйде шат-шадыман күй кешіп, уақытты да үнемдеуге септігін тигізеді.
Бүгінде Алматы қаласы маңындағы шағын аудандардың көбі газбен қамтылған. Кейбірінде жекеменшік компаниялар қызмет көрсетеді. Ақшасы жеткендер газды кіргізудің амалын тапса, әлі күнге дейін көмір жағатын отбасылар да аз емес. Бүгінгі кейіпкеріміз Мекеш Қуандық биыл қалай да газ кіргізуге бекініп, қысты жылы үйде қарсы алуды жаз бойы жоспарлаған. Жуырда жоспары жүзеге асып, тегін газдандыру жобасының тізіміне ілікті. Үйіне көгілдір отын кіріп, түн ұйқысы тынышталды. Кешке жұмыстан келгенде үй іші жылы болып тұратынына сене алмай да жүр.
Кейіпкеріміз жер үйдің газ келгенге дейінгі қиындықтарын, 20 жыл бойы көмір жаққандағы оқиғалары жайлы Massaget.kz тілшісіне егжей-тегжейлі айтып берді.
Қуандық Нарынқол өңірінің тумасы. Алматы қаласы Медеу ауданына қарасты Медик бау-бақша серіктестігі көшесіндегі үйді 2003 жылы сатып алған. 2004 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде жұбайы екеуі 3 ұл, 2 қыз өсіріп отырған үлгілі отбасы. Өзі зауытта дәнекерлеуші болса, әйелі үйіне жақын маңдағы санаторийде жұмыс істейді.
Бұл үй 2003 жылы қалада жұмыс істеп жүргенде ойда-жоқта кезікті. Бір үлкен кісі үйінде жұмыс істеп жүргенімде ұсыныс айтты. Үйің жоқ екен, осы жайды көр деп жөн сілтеді. Ол кезде расында үйім жоқ, жездемнің қасында жүретінмін. Сол жездем екеуміз келіп көрдік. Кішкентай болса да ұнады. 500 долларға сатып алдым. Құдайға шүкір, қазір жолымыз да, су мен жарығымыз да бар. Су да, жарық та қалалық жүйеге қосылған. Газ да кірді, - дейді.
Медик бау-бақша серіктестігі таулы қыратта орналасқан. Тау бауырында болса да, қысы аса суық емес. Себебі бұл отбасының шаңырағы қыраттың күнгей бетінде орналасқан.
Осы жерде тұрып жатқан жалғыз қазақпын десем де болады. Көршілердің көбі өзге ұлт өкілдері мен шетелдіктер. Ауасы таза, тұнық әрі тау бауыры. Қыста қатты суық болмайды. Себебі күнгей бетте орналасқан. Қар көп жатпайды, тез еріп кетеді, - дейді Қуандық.
Шағын аудан шаруашылықпен айналысуға да қолайлы. Алма бағы мен жеміс-жидек өсіруге топырағы құнарлы. Аз-кем мал ұстайтындар да бар екен.
Шаруашылықпен айналысатын көршілер бар. Өзім де бір жылдары мал ұстадым. Сүтті ешкіден бастадым. Ешкі деген тұрмайды, төңіректегі көршілердің шатырына дейін шығып кетті. Балалардың қарауына да жұмыс болды. Сиыр да асырадым. Оны да бағу оңай болмады. Соңында Нарынқолдағы ауылға алып барып тастадым, - дейді кейіпкеріміз.
Шағын ауданға газ 2 жыл бұрын тартыла бастаған. Ал жекеменшіктегі газ кіргізу қызметтерінің құны қымбат болыпты.
Бұрын жекеменшік компаниялардың қызметі ғана болды. Олардың бағасы да қымбат еді. Қосудың өзіне 1 миллион сұрады. Оған жеке материалдары мен құрылғыларын қоса есептегенде 3-4 миллионға жетіп жығылатын. 8 миллионға тартқан көршілерім де бар. Кейіннен мемлекет тартқан газ арқылы баға төмендеді. Газ қосып беріп, құжаттарына дейін дайындап беру жайын ұсынғандар болды. Сұрағандары да аз емес. Оларға сеніңкіремедім, кейде қаржының да реті келмеді, - дейді кейіпкеріміз.
Қуандық биыл қалайда газ кіргізу жайын іздеген. Жазда қыстық пешін де шығарып тастаған. Себебі кейінгі уақытта көмірге кететін шығын да артыпты.
Баста жас отбасы болып жүргенде аз жағатынбыз. Бірер тоннамен қысты өткеріп шығатын едік. Төңіректе отын болғасын, оны да жинап алатынбыз. Кейін балаларымыз өсіп, үйді жылы ұстау үшін көбірек алатын болдық. Қыста көмір жағу, оны сатып алу келу қиын. Бір машина көмір 100 мыңға шығып кетеді. Көмірді де дұрыс таңдау керек. Біреулері бықсып жатып алады, біреулері тез жанып кетеді. Қымбаты мен арзанырағын араластырып алатынбыз. Сол бар жағынан тиімді. Кейінгі жылдары 5 тоннаның өзі жетпей қалып жүрді. Содан газ кіргізуге биыл бекініп, бар жолын қарастырдық. Көмір пешті де алып тастадық. Талай өлшетіп, есептеттім де. Бірде қымбат шықса, бірде реті келмеді. Азы 600 мың теңге айтты. Кедергілер жиі шығып тұрды. Сөйтсек соңы осындай қуаныш күтіп тұр екен ғой, - дейді.
Былтыр шағын ауданның 10-ға жуық тұрғыны аудандық бағдарлама бойынша үйлеріне газ кіргізіп алыпты. Қуандық құжаттарын жинап үлгере алмай қалған.
Өткен жылы газ кіргізу бойынша тағы бір бағдарлама болған. Көршілерімнің көбі сол арқылы көгілдір отынға қол жеткізді. 10 шақты отбасы тегін жалғатып алды. Мен құжаттарымды жинап үлгермей қалдым, бағдарлама бітіп кетті. Биыл келіншегім әкімдікке жиі барып, көпбалалы отбасыларға қандай көмек барын қарайлап жүрді. Әкімдік арқылы тегін газдандыру жайын қарастырдық. Көпбалалы отбасыларға қандай көмек барын сұрастырдық. Әкімдіктер құжаттарымызды сұратып, жолын көрсетті. Өздері келіп өлшеп, өздері келіп жалғап берді. Бір айға жетпейтін уақытта кіргізіп берді. Қазір рахатын көріп отырмыз. Сол жүгіргеннің арқасында жылы үйде отырмыз, - дейді отағасы.
Қуандық қолынан іс келетін, нағыз шебердің өзі екен. Темірден түйін түйген ұста. От жаққанда үйдегі пештің бәрін өзі жөндеп, өзі тазалайтын болған. Бастапқыда құбырлы пеш арқылы үйін жылытса, кейінірек "Сапог" пешпен жылыту жүйесін іске қосқан.
Басында бізде де құбырлы пеш болды. Әр құбырға кірпіш қойып, уақыты келгенде өзім ашып тазалайтынмын. Оның да әлегі көп. Ыс сасып кететін едік. Ондай өмірді де кештік. Оның бәрі артта қалады екен. Бір қарасаң бұл да естелік қой. Кейіннен "Сапог" пешке ауыстық. "Сапог" пеш жаққанда ішінде ауа қалмау керек. Сорғысы дұрыс айналмаса, бір орында тұрып қалса ауа жиналады. Қазандығын одан жоғары 1,5-2 метр биіктікке қою керек. Қыста жабық болу керек, циркуляциясы жақсы болады. Үйден бөлек салу керек. Ол пеш батареядан төмен тұру керек, жоғары болса сорғысы дұрыс істемейді, - дейді кейіпкеріміз.
Қыста пеш жағудың қиындығы көп. Қандай пеш болса да қауіпсіздік ережелерін сақтамаса денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. 2018 жылы Қуандықтың отбасындағы оқыс оқиғаның соңы қайғылы жағдайға ұласа жаздаған. Отағасы ауылына кеткенде үйіндегі пеш қазандығы жарылған. Салдарынан ұлы жарақат алып, бір ажалдан аман қалған.
Қыстыгүні әжем қайтыс болып ауылға кеттім. Асығып жүріп судың қысымын реттейтін қазандықты орауды ұмытып кетіппін. Содан пеш қатып қалған. Балам көмірді тоқтатпай сала берген. Үй сонда да жылымаған. Анасының аяғы ауыр болған. Ұлым шақырыпты. Ол кезде пешіміз жертөледе болатын. Анасы қайта барғанша пеш пен қазандығы жарылып кеткен. Балам жансақтау бөліміне түсті. Бір аптада есін жиып, бір айдай ауруханада жатты. Пештің түгі қалмаған. Газет секілді қиқымдалып кеткен. Ұлым алдында алысырақ тұрған, жанында тұрғанда айырылып қалуымыз да мүмкін еді. Пеш қатып, қазандықтың қысымы көбейіп кеткен. Сол жарылыстан кейін тексеріс жүргізіліп, полиция, өрт сөндіру қызметкерлері, апаттық жағдай мамандары келіп, барынша сақ болуымызды ескертті. Ұлымды бір Құдай сақтады, - дейді Қуандық.
Биыл бағдарламаға ілінбесе отағасы қыс қамын жаз ойлап, керекті құрал-жабдықтарды бір-бірлеп сатып ала берген екен. Соның бірі – газ пеші. Өзі таңдап алған пештің артықшылықтары да бар болып шықты.
Газ пешімді өзім сатып алып қойғанмын. Себебі таңдаған пешімнің артықшылықтары бар. Жарық сөніп қалса да істей береді. Электр тогын қажет етпейді. Қабырғаға емес, жерге орнатылады. Ал токты қажет ететін пештер жарық сөнсе, суы қатып қалуы мүмкін. Таулы аймақ болған соң кейде жарық бірер күнге өшіп қалатын кездер болады, - дейді.
Қуандық пен Күләш қақаған қысқа қалмай газ кіргізіп алғандарына дән риза. Көгілдір отынға қол жетіп, қысқы уайым-қайғылары азайған. Балалардың қуанышында да шек жоқ дейді.
Бұрын газдың рақат екенін білмеппіз ғой. Балаларым суыққа әбден үйреніп алыпты. Бірінші күні қуанғаннан пештің қуатын 5-ке көтеріп қойдық. Жылу келгенде үйдің қабырғалары да жылу керек. Кереге суып кеткен. Үй 1 апта бойы ыстық болды. Қазір екіге түсіріп қойдық. Балалар тағы да түсіріңіз дейді. Одан түсірсем енді өшіп қалады. Қазір балаларым қуанып, көмір тасымайтын болды. Сен жақ, мен жақ дегеннен де құтылдық. Әкімдік жағдайымызды жиі сұрап тұрады. Түрлі іс-шаралар жайлы құлақтандырып, пайдалы бағдарламалардан шет қалдырмайды. Күнара хабарласып, видеоқоңырау шалып, балалардың жайын сұрап, жаурап қалмағанымызға дейін көз жеткізіп отырды. Осы жобаны ұйымдастырушыларға, әкімдікке рақметімізді айтамыз, - дейді отағасы.
Газдандыру жобасы Halyk-тың 100 жылдығына арналған "100 игі іс" ауқымды акциясы аясында жүзеге асырылуда. 2023 жылы банк қаражаты есебінен Алматы мен Астанадағы аз қамтылған отбасылардың 230-ға жуық тұрғын үйлерін толықтай газға қосу, қаржыландыру жоспарлануда. Бұған дейін Halyk Алматыда жалпы сомасы 92 млн теңгеге 100 жеке үйді толықтай газдандыруды қаржыландырған, сондай-ақ тұрғын үйлерге газ жүргізуге жеңілдікпен кредит берудің жеке бағдарламасын іске қосқан болатын.
Серіктестік материал
О. Сансызбай