Балаларға арналған жаңа жинақ жүйесі: Тоқаев заңға қол қойды

Балаларға арналған жаңа жинақ жүйесі: Тоқаев заңға қол қойды
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға арналған "Келешек" жаңа жинақ жүйесі туралы заңға қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды.

Түзетулердің бірінші блогы мемлекеттен бастапқы білім беру капиталы, жыл сайын төленетін мемлекеттік сыйлықақы және инвестициялық табыс қарастырылған, сондай-ақ бес жастан асқан балаларды қамтитын "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу мақсатында әзірленген.

Біржолғы бастапқы білім беру капиталы 2025 жылы және одан кейінгі жылдары 5 жасқа толатын балаларға төленеді. Оның мөлшері Ғылым және жоғары білім министрлігі бекітетін бастапқы білім беру капиталын есептеу, пайдалану және қайтару қағидаларына сай есептеледі.

"Келешек" жүйесі жыл сайын 5% мемлекеттік сыйлықақы, ал халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары үшін 7% мемлекеттік сыйлықақы көзделген қолданыстағы Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесімен бірге балаңыздың болашағы үшін қаражат жинауға мүмкіндік береді. Яғни қаржыны техникалық және кәсіптік білім алуға, орта мектеп бітіргеннен кейін жоғары білім алуға және жоғары оқу орнынан кейін білімін жетілдіруге, сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсауға болады.

Түзетулердің екінші блогы креативті индустрияны қолдау, соның ішінде әр облыс орталығында және ірі қалаларда креативті индустрия орталықтарын қалыптастыру, қатысушыларға өз өнімдерін коммерцияландыру тұрғысынан көмектесу шараларын қамтиды.

Бұдан бөлек, креативті индустрияны дамытуға ықпал ететін арнайы заңды тұлға ("Креативті индустрияларды қолдау қоры") қызмет көрсетеді. Қор таланттарды іздеп, оларды насихаттаумен, креативті жобалар мен қызметтерді коммерцияландыру ісіне көмектесумен, сондай-ақ оларды әлем нарықтарында ілгерілетумен айналысады.

Сонымен қатар Уәкілетті органға (Мәдениет және ақпарат министрлігі) креативті индустрияға мемлекеттік қолдау көрсету, ынталандыру қағидаларын әзірлеу және бекіту құзыреті беріледі. Ал облыстың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдары креативті индустрия саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан