Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин балаларға арналған SIM-карта мәселесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, жеткіншектерді қауіпсіз интернетпен қамтудың түрлі жолын табуға болады.
"Алайда біздің мамандарымыз мұны зерттеуі керек. Қауіпсіз интернет - балаларға қажет емес дереккөздер мен сайттарды бұғаттап, керегін ғана баланың назарына ұсыну. Министрліктің осы бағыттағы жоспары бар. Негізінен, мұндай тариф ұялы байланыс операторлары арқылы жүзеге асуы мүмкін", - деді Бағдат Мусин БАҚ өкілдерінің сауалына жауап беріп.
Ол қазір түрлі мобильді тариф жоспары көп екенін алға тартып, тағы бір тиімді әрі жаңа тарифтің артық етпейтінін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі балаларға арналған SIM-карта енгізу туралы бастама көтерген болатын. Ол ата-аналардың бақылауында болуға тиіс. Бала SIM-карта арқылы интернетке қосылса, міндетті түрде ата-ананың рұқсаты талап етіледі. Бұл баланың интернетте қандай сайтқа немесе әлеуметтік желіге кіргенін бақылауға мүмкіндік береді.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!