"Балалардың мектепке баруы - мұң". Ақтөбе іргесіндегі халық жанайқайын айтты

"Балалардың мектепке баруы - мұң". Ақтөбе іргесіндегі халық жанайқайын айтты
Фото: Видео кадры

Ақтөбенің іргесіндегі Заречный-1 елді мекенінде тұратын жұрттың қалаға қатынауы мұңға айналып отыр. Олар әбден батпаққа айналған жолмен жүру мүмкін емес екенін айтты. Ал кеше қаламен қатынас тіптен үзілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаланың іргесіндегі Заречный-1 елдімекеніне қарасты 14 үйдің тұрғындары он жылға жуық уақыт жол азабын тартып келеді.  2018 жылы сол маңдағы "Сая" шағын ауданы көктемде суға кеткен. Қалалық коммуналдық мекеме басшылығы "жолды жөндеп береміз" деген. Алайда уәде сол күйінде қалған. Ал суға кеткен ауданға арық, өзге де жүйелерді салу үшін қалаға қатынайтын үлкен техникалар онсыз да жүруге келмейтін жолды одан сайын быт-шытын шығарған.

"Заречный-1 елді мекеніне қараймыз. Бірақ біздер орман шаруашылығы алқабында тұрамыз. Ауылға кіретін жолдың нашар екенінен әбден шаршадық. Кеше батпақ болып тіпті жүре алмай қалдық. Неше жылдан бері осылай қиындық көріп келеміз. Ауылға автобус, жедел жәрдем, кәріз суын соратын көліктер кіре алмайды. Тіпті жеңіл көліктер әрең жүреді. Ал балалардың мектепке баруы - мұң. Бір жарым шақырым жер жаяу жүріп барып автобусқа мінеді", - дейді ауыл тұрғыны Қуандық Сарыбай.

Тұрғындардың мұң-зарын айтып бармаған жері қалмаған. Алайда құлақ асар ешкім жоқ. Жұрт, ең болмаса, көлік жүретіндей қылып берсе дейді.

Редакция тілшісі бұл мәселе бойынша Ақтөбе қалалық әкімдігіне хабарласты. Әкімдіктің мәліметінше, былтыр сол маңдағы көпір мен жолды су шайып кеткен. Қазір "Батыс Ақтөбе" ЖШС мердігер ұйымы көктемгі су тасқынына қарсы шаралар жүргізіп жатыр.

"Елді мекен жолын толық жөндеуге биыл мүмкіндік жоқ. Бірақ қиыршық тас төсеп, грейдермен күрделі учаскелерін тегістеп беретін болады", - делінген әкімдіктің хабарламасында.

Кәмшат Қопаева

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz