Мектеп оқушылары арасында жабысқақ "лапка" ойыншығы трендке айналды. Слайм ойыншығына ұқсас антистрестік құралдың денсаулыққа кері әсері бар ма? Massaget.kz тілшісі маманнан сұрап көрді.
Лапка - мысықтың табанының пішініне ұқсатып жасалған стреске қарсы танымал ойыншық. Ол жұмсақ және икемді силиконнан тұрады және әдетте айна немесе әйнек сияқты әртүрлі тегіс беттерге жабысатын қасиеті бар.
"Лапка" әртүрлі түстер мен дизайндарда болады. Көбіне ішіне жылтыр немесе басқа сәндік элементтер қосылады. Олар шаң мен ұсақ заттарды тез жинайтындықтан, бөлек қапшықта сақтаған дұрыс.
"Лапка" ойыншығы бірнеше заттардың қосындысынан тұрады.
Балалардың бұл ойыншыққа құмартуында көп себеп бар. Біріншіден, оның формасы, былқылдақ қасиеті балалардың тактильді сезімін оятады. Түрлі формаға келтіру арқылы ойындар ойнайды. Екіншіден, оның жабысқақтығы балалардың қызығушылығын оятады. Оны қабырғаға, терезеге немесе басқа тегіс беттерге жапсырып, оның біртіндеп төмен сырғанап түскенін қызықтап тамашалайды. Бұл процесс балалар үшін көңілді әрі қызықты көрінеді. Үшіншіден, оның сыртқы дизайны мен жануарлардың табанына ұқсауы да балаларды қызықтырады. Төртіншіден, оның трендке айналуы бір-бірінен қалмай, жаппай сатып алуына әсер етіп жатыр.
Педиатр Сұлушаш Едіге "лапка" ойыншығының балалардың денсаулығына қалай әсер ететіні жайлы былайша пікір білдірді.
"Лапка" ойыншығын қысу, созу және түрлі формаға келтіру ұсақ моторика дағдыларын жақсартады. Бұл жазу, сурет салу сияқты қабілеттерді дамытады. Сондай-ақ тактильді сезімді дамытады. Бұл әсіресе сенсорлық қабылдауында ерекшелігі бар балалар үшін пайдалы. Оны созу, қысу және лақтыру арқылы балалар тактильді, визуалды және моторлы дағдыларын жетілдіреді", - дейді ол.
Десе де, маман оның зиянды тұстарын да ұмытпау қажеттігін атап өтті.
"Лапка" ойыншығы жыртылып кетсе, бала терісіне желімі тиіп, дененің тітіркенуін туындатуы мүмкін. Кейбір балалар қызығып аузына салуы да мүмкін. Ондай жағдайда бала уланып қалуы да мүмкін", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін 40 жастан асқан әйелдерге денсаулықты сақтауға байланысты дәрігердің ұсынған кеңестерін жариялаған едік.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!