Балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылып жатыр?

Балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылып жатыр?
Фото: depositphotos.com

Оқу жылы аяқталып, оқушылар демалысқа шықты. Massaget.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне ресми сауал жолдап, балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылатынын сұрады.

Министрлік мәліметіне сүйенсек, елімізде балаларды сауықтыруға арналған 198 орталық жұмыс істейді. Оның ішінде 119 мемлекеттік, 79 жекеменшік ұйым бар.

182 демалыс орнының 150-і 1-10 маусым аралығында жұмыс істейді. Қалған 32 демалыс орны 15 маусымда жұмысын бастайды.

depositphotos.com

  • Жазда балаларға қандай шаралар ұйымдастырылған?

Министрлік өкілдері биыл балалардың жазғы демалысы 9 мүдделі мемлекеттік органның бірлескен жоспары аясында ұйымдастырылатынын мәлімдеді. Бұл мақсатта республикалық және өңірлік штабтар құрылған.

"Өңірлермен бірлесіп, барлық демалыс орталығының тізімі жасалып, олардың дайындығы пысықталды. Жазғы демалысты ұйымдастыру мақсатында министрлік тарапынан 120 мың ұйымдастырушы-педагог арнайы дайындықтан өтті. Оған қосымша 12 мыңнан аса студент және ерікті тартылады", - деп жазылған министрлік жауабында.

  • Жазғы мектептер ұйымдастырыла ма?

Биыл 27-31 мамыр аралығында "Жазғы мектеп" ұйымдастырылған. Бұл, әсіресе, су тасқыны болған өңірлердегі 2 622 мектептің оқушылары үшін ұйымдастырылған.

"Жазғы мектеп су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде тұратын, сондай-ақ, қыс мезгілінде ауа райының қолайсыздығына байланысты қашықтан оқыған 832 мың оқушыны қамтиды. "Жазғы мектепке" балалар өз еркімен және ата-аналарының келісімі бойынша қабылданады", - деп жазылған министрлік жауабында.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

  • Биыл мемлекет есебінен қанша баланы лагерьлерге жіберу жоспарланып отыр?

Министрлік дерегіне сүйенсек, жазғы маусымда барлығы 10 мыңнан аса демалыс орны жұмыс істейді, оларда жалпы оқушылардың 92 пайызы жазғы сауықтыру, демалыс шараларынан өтеді деп күтіліп отыр.

"10 мың бала жыл бойғы сауықтыру орталықтарында, 240 мың бала маусымдық, 2,6 миллион бала мектеп жанындағы, 75 мың бала шатырлы және киіз үйі бар демалыс орындарында демалады. Сондай-ақ, "Қазақстан халқына" қорымен бірлесіп, "Жаздық жолдама" жобасы аясында 20 мың тегін жолдама өңірлерге таратылып жатыр", - деп жазылған жауапта.

Ведомство мәліметінше, балаларды сауықтыру демалысына қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді.

  • Тегін үйірмелер бар ма?

"Қосымша білім беру ұйымдары ғылыми-техникалық, музыкалық, көркем-эстетикалық, экология, биологиялық, туристік-өлкетану, әскери-патриоттық, әлеуметтік-педагогикалық бағыттар бойынша үйірмелердің 380 түрі бойынша балалардың қабілетін дамытуға бағытталған. 2025 жылға дейін ауыл мектептерінде мектептен тыс ұйымдардың 1 мың комьюнити-орталығын құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деп жазылған министрлік жауабында.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова