Ақтөбеде 1-сыныпқа баратын 42 оқушыға мантудың орнына туберкулезге қарсы тірі вакцинаны салынған. Бұл қатені ата-аналар екі апта өткен соң бірақ білген, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, №74 орта мектептің 42 оқушысының жақындары жауапсыз медицина қызметкерлерін жазалауды талап етіп отыр. Ата-аналардың айтуынша, балалардың көбі өздерін жайсыз сезінеді. Екпе салған дене бөлігі қатты ісіп, іріңдеген. Тіпті қолын көтере алмай қалғандары да бар. Балаларға мантудың орнына иыққа салатын тірі вакцина егілгені анықталған.
"Живая" вакцина енгізіліп кеткен. Ол ағзадағы барлық жасушаны оятады дейді. Енді басталып жатыр. Процесс жүріп жатыр. Міне, екі жетіден асып кетті. Бала қолын көтере алмайды. Бездері шошынған. Өзімен өзі жата береді. Әлсіздік пайда болды", - дейді ата-ана Раушан Исаева.
Ал медицина қызметкерлері ата-аналардан алты ай күтуді сұраған. Сол кезде вакцина күшін жоятын көрінеді.
"Құтының сыртында жазылып тұрады екен бәрі. Түсі де басқа болады. Сонда қалай шатастырған? Түк түсініксіз. Білек терісі өте жұқа. Ағзаға вакцина түсіп үлгерді. Олар бізге 6 ай күтуді сұрайды. Күтіп отыратын болсаң, ешкім кепілдік бермейді. Мүгедектікке алып келуі мүмкін", - дейді тағы бір ата-ана Шынар Бекболатқызы.
Бұл вакцинаны салған медицина қызметкерлері жеке клиниканың мамандары көрінеді. Олар мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсеткен. Бұл жағдайдан кейін дәрігер де, медбике де жұмыстан босатылған. Прокуратура тексеріс жүргізіп жатыр.
"Қатені жіберген - медицина қызметкерлері. Олар өз қатесін мойындап отыр. Енді 42 бала осындай жағдайда болған соң, не болатынын ешкім айта алмайды. Тек біздің өзіміз айтатынымыз, басқа жерге салынып, техникалық ақау кеткені рас", - дейді Ақтөбе облыстық ДСБ басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!