Ақтөбе облысында балалардың еміне жинаған ақшаны заңсыз иемденді деген күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Полицияға Ақтөбе қаласының бірнеше тұрғыны More life қорының өкілдерінің үстінен арызданды. Жәбірленушілердің айтуынша, қор директоры қаражат жинауға көмектесемін деген сылтаумен ақшаны заңсыз иемденген. Қылмыстық іс бойынша алты жәбірленуші бар, азаматтардан жиналған қаржы 30 миллион теңгеден асты.
"2023 жылы қор мен емге мұқтаж баланың ата-анасы арасында келісім жасалған. Қажет соманы жинағаннан кейін қор ата-ананы баласымен бірге емдеуге Беларусь Республикасының Минск қаласына ақшасыз жіберген. Қор әртүрлі сылтаулармен ақша аударымын жібермеген. Салдарынан бала тиісті ем қабылдамаған, ал ата-анасы бөтен елде көмексіз қалған", - деп жазылған хабарламада.
Алаяқтық дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!