“Балалардың 88 пайызында смартфон бар“. Депутат әлеуметтік желінің әсерін айтып, дабыл қақты

Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжанов 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу қажет екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат Құрылтай отырысында мынадай дерек келтірді:

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы жүргізген (HBSC) зерттеуі 44 елдегі 280 мыңға жуық жасөспірімді қамтыды. Нәтижесінде әлеуметтік желіні проблемалық деңгейде пайдаланушының үлесі 2018 жылғы 7 пайыздан 2022 жылы 11 пайызға өскені анықталған. Бұл мәселенің ауқымы жыл сайын артып бара жатқанын көрсетеді. 2023 жылы ЮНИСЕФ Балалар қорымен бірлесіп жүргізілген зерттеу нәтижесінде Қазақстандағы 9-10 жастағы балалардың 60 пайызы, 11-12 жастағы балалардың 66 пайызы әлеуметтік желіде парақшасын тіркегенін көрсеткен".

Жанарбек Әшімжановтың айтуынша, балалардың 88 пайызында жеке смартфон бар, бұл - олар ең танымал TikTok, YouTube және Instagram платформаларын еркін пайдаланып отыр деген сөз.

"Балалар әл-ауқаты индексіндегі (10-18 жас аралығындағы) әлеуметтік желілер арқылы жасалатын буллингке ұшыраған балалардың көрсеткіші екі еседен асып, 2024 жылы 15 пайызға, 2025 жылы 33,5 пайызға көтерілген. Мәселе баланың әлеуметтік желіде отыруында ғана емес, оның уақыты мен жадын жоғалтуында", - деді ол.

Оның пікірінше, әлеуметтік желіге шамадан тыс әуестік баланың кітап оқуына, спортпен шұғылдануына, отбасымен қарым-қатынасына және сабаққа дайындалуына бөлінетін уақытты қысқартады. Соның салдарынан зейін қою, ақпаратты терең қабылдау және өздігінен ойлау дағдылары әлсірейді.

"Бұл мәселенің өзектілігін әлем елдерінің тәжірибесі де көрсетіп отыр. Ашық дереккөзге қарағанда, 2026 жылы 25 елде балалардың әлеуметтік желідегі жасына қатысты заңнамалық шаралар нақты қаралған. Мәселен, Аустралия алғашқылардың бірі болып 16 жасты шек ретінде бекітті. Мұндай шектеулер Бразилия, Индонезия және тағы басқа елдерде де күшіне енген. Көптеген ел 15-16 жасты негізгі шек ретінде қарастырып отыр. Қазақстан да осы бағытта нақты әрі тиімді модель қалыптастыруы қажет", - деді депутат.

Еске салайық, бұған дейін Президент 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге тіркелуге тыйым салу турасында пікір білдірді. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз