Антикор балаларды оңалту еміне квоталарын бөлу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері аясында Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныс енгізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚПК 200-бабына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігіне балаларды оңалту еміне квоталарын бөлу мәселелері бойынша заңды бұзуға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы ұсыныс енгізді.
Ведомство мәліметінше, бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннің өтініші негізінде University Medical Center корпоратив қорының балаларды оңалту ұлттық орталығы қызметкерлерінің заңсыз ақшалай сыйақы алу дерегі бойынша соталды тергеу жүргізген болатын.
"БОҰО қызметкерлерінің бірі мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан балаларды оңалту еміне квота бергені үшін 60 мыңнан 100 мың теңгеге дейін ақшалай қаражат алғаны анықталды", - делінген хабарламада.
Тергеу нәтижелері бойынша бірнеше жыл бойы қолданылып келген алаяқ схема тоқтатылды, ата-аналарға келтірілген залал толығымен өтелді.
Сонымен қатар, тергеу барысында балаларды оңалту емін көрсету мәселелері бойынша бірқатар проблема мен кемшілік анықталды.
Мысалы, өңірлерде квоталардың біркелкі бөлінбеуі, ата-аналардың сенімсіздігі және олармен түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі, ашық және жалпыға қолжетімді кезектіліктің болмауы, сондай-ақ елде осындай республикалық орталықтардың жетіспеушілігі болды.
Осыған байланысты, Денсаулық сақтау министрлігінің алаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Аружан Саиннің, вице-министр Вячеслав Дудниктің, аумақтық денсаулық сақтау басқармаларының, University Medical Center корпоратив қорының, сондай-ақ, БОҰО басшыларының қатысуымен ұсыныс қаралды.
Талқылау нәтижелері бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында өңірлерде республикалық орталықтарға квоталар бөлу жөніндегі комиссиялар құруды жоспарлады.
Бұдан басқа, жақын арада оңалту еміне мұқтаж адамдардың жалпыға қолжетімді электрон кезегі іске қосылатын болады.
Бұл шаралар қалпына келтіру емін қажет ететіндердің барлығын есепке алуға және оңалту көмегін көрсету қызметтерінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, қазір БОҰО жеке сектордан ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық бағыныстылығына қайтару бойынша жұмыс аяқталып жатыр.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтарды күмәнді тұлғалардың қызметтерін пайдаланбауға және балаларды емдеу мен оңалтуға жеңілдіктер алуды тек заңды негіздерде жүзеге асыруға шақырады.
Осындай деректер бойынша ақпарат болған жағдайда aгенттіктің Call-орталығына 1424 нөмірі бойынша хабарласуыңызды сұраймыз", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!