Балаларды моншаға апаруға бола ма? Педиатр жауап берді

Балаларды моншаға апаруға бола ма? Педиатр жауап берді
Фото: depositphotos.com

Монша - босаңсудың және денеге күтім жасаудың бір әдісі. Моншаға бару көптеген елдің мәдениетінде кездеседі. Әсіресе жаңажылдық демалыс күндері моншаға баратын отбасылар көбейеді. Осы орайда балаларды моншаға апруға бола ма деген сұрақ туындайды. Бұл сұраққа педиатр Надежда Попова жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Аif.ru-ге сілтеме жасап.

Маманның айтуынша, монша мен саунаға жүйелі түрде бару баланың физикалық және психикалық денсаулығына пайда әкелуі мүмкін, сонымен қатар суық тиюді айтарлықтай азайтады. Алайда монша процедураларының балалар ағзасына әсері әлі толық зерттелмеген, сонымен қатар көптеген қарсы көрсетілім бар.

"Моншаға жеті жастан асқан баланы апаруға болады"

Ең алдымен, бұл кішкентай балаларға қатысты. Нәрестені өзіңізбен бірге бу бөлмесіне кіргізуге болмайды, өйткені олар қатты жоғары емес температуралардың өзінде қызып кетуге бейім.

Мұндай жылу жүктемесі денсаулыққа теріс әсер етіп, ауыр неврологиялық бұзылуларға әкелуі мүмкін деп ескертті дәрігер.

"Нәрестелерде жылуды реттеу жүйесі енді қалыптасып келеді және мұндай жағдайда ағзаға қалыпты дене температурасын ұстап тұру өте қиын. Балалардағы метаболикалық процестер тезірек жүреді және барлық физиологиялық реакциялар да жоғары қарқындылықпен жүреді. Ыстық бу тері астындағы капиллярлардың кеңеюіне және шамадан тыс қан ағымына әкеледі, бұл баланың денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін, өйткені қан ағымының жоғарылауы жүрек пен өкпеге қосымша стресс тудырады".

Надежда Попова жеті жастан асқан баланы моншаға апаруға болатынын, бірақ абайлау керегін айтты. Алдымен балаларды моншаға дұрыс дайындау керек.

Баланы моншаға қалай дайындау керек?

Баланы моншаға апаруға 3-4 ай қалғанда дайындықты (шынығу, қыздырушы массаж) бастау керек және бірінші барардың алдында педиатрмен ақылдасу керек.

Баланы моншаға апарарда тойып тамақтандырмаңыз, бірақ аш баруға да болмайды. Моншаға 1-1,5 сағат қалғанда жеңіл тіскебасар берген дұрыс. Көп сұйықтық жоғалтпас үшін бала суды жеткілікті мөлшерде ішу керек. 

Булы бөлмеге отыруды біртіндеп бастау керек. Бастапқыда бірнеше минуттан бастаңыз. Оның жағдайын бақылаңыз. Сондай-ақ балаға монша ұнамаса, оны мәжбүрлеудің қажеті жоқ.

"Алғаш барғанда баланы 40 градустан аспайтын моншаға кіргізе аласыз. Бала үйреніп қалған кезде температураны 60 градусқа дейін көтеруге болады. Булы бөлмеден кейін бала жылы душқа түсуі керек, бірақ оны суық суға жуындыруға немесе денесін қармен сүртуге болмайды", - деп ескертті Надежда Попова.

Егер моншадан кейін баланың температурасы көтеріліп кетсе, бұл оның қызып кеткенін білдіруі мүмкін. Егер баланың температурасы 37,5 градустан аспаса, баланы кереуетке жатқызып, ғимаратты желдетіп, оған су беріңіз. Оның жағдайы қалыпқа келу керек.

Мұндай кезде дәрігер баланың тері түсіне мән беруге кеңес берді. Қалыптыда ол қызғылт және ылғал болып тұрады. Ал егер тері бозарып немесе көгеріп кетсе, қою қызыл түсті болса, бұл ойлануға себеп. Кенеттен бозару, ерін айналасының көгеріп кетуі, әлсіздік, температураның 39-40 градусқа дейін көтеріліп кетуі, тердің болмауы, жиіленген тыныс, анық емес сөйлеу немесе есінен тану баланың қызып кеткенін білдіруі мүмкін. Мұндай жағдайда баланы моншадан шығарып, оны көлденең жазықтыққа жатқызып, оттегінің келуін жеңілдету керек және бөлме температурасындағы су беру қажет. Содан соң жедел жәрдем шақырыңыз.

Оқи отырыңыз: Моншадан соң қарға сүңгу несімен қауіпті?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жапатова