“Балаларды мектепке жіберуге қорқамыз“ – астаналықтар

Астанадағы "Капитал Парк" тұрғын үй кешенінің тұрғындары кеше аулаларында жүк көлігінің астында қалып қаза тапқан 6 жасар балаға қатысты өз пікірлерін білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астаналықтардың сөзінше, тұрғын үй маңында тиісті инфрақұрылым жоқ: жаяу жүргіншілер өткелі, ескерту белгілері мен велосипед жолақтары қарастырылмаған. Бұл нысандар басында жоспарланғанымен, үй сатып алған кезде уәде етілгенімен, іс жүзінде жоқ.

"Бұл жерде мектепке баратын балалар өте көп. Жүргізушілер балаларды өткізбейді, үлкен жылдамдықпен айдайды. Шлагбаум жоқ, "жол бер" белгісі жоқ, жаяу жүргінші өткелі де салынбаған. Өте қауіпті", – деді тұрғындардың бірі журналистерге.

Тұрғын Динараның айтуынша, ол көршілерімен бұл мәселені шешуді бірнеше рет басқарушы компаниядан сұраған. Олар қоқыс контейнерлеріне келетін КамАЗ жүк көліктеріне де шағымданған. Аулада көліктер жиналып, кептеліс туындайды. Оның айтуынша, бұл аулаға көрші үйлерден де балалар келеді, өйткені оларда футбол алаңы жоқ. Қайтыс болған бала да көрші ауладан келген деген болжам бар.

"Велосипед жолақтары жоқ. Бала жолмен жүруге мәжбүр болды, велосипедпен келе жатып жүк көлігінің астына түсті. Барлығын "қалыпқа сай тапсырдық" деген құрылыс компаниясы бұның бәрін неге ескермеді? Балалар қайда жүреді сонда? Самокатпен де, велосипедпен де жолдан өте алмайды. Менің екі оқушым бар, енді оларды мектепке апарып, алып қайтуыма тура келеді. Себебі бұл жер қауіпсіз емес. Біз балаларымызды мектепке алаңсыз жібере алмаймыз. Машиналар тоқтамайды. "Абайлаңыз, балалар!" деген белгі де жоқ", – деп шағымданды бір тұрғын.

Басқа бір тұрғын бұл үйде төрт жылдан бері тұрып жатқанын айтты. Осы уақыт ішінде тұрғындарға инфрақұрылым реттелетіні тек уәде етілген.

"Қанша рет iKomek-ке жаздық – бәрі құр жауаппен шектелді. "Жасалады" дейді. Жоба бойынша веложолақтар, мектеп, балабақша, емхана болу керек еді. Бірақ шын мәнінде не емхана, не дұрыс мектеп жоқ – бар мектептің өзі лық толы. Бізге "жайлы әрі қауіпсіз тұрғын үй" деп жарнамалаған, бірақ ең қарапайым дүниелердің өзі жоқ", – деді ол.

Еске салайық, 23 сәуір күні Астанадағы "Капитал Парк" тұрғын үй кешенінің жанында 6 жасар бала көз жұмды.

Алдын ала мәлімет бойынша, 38 жастағы Dongfeng жүк көлігінің жүргізушісі Әл-Фараби көшесіндегі аулада қозғалыс кезінде қауіпсіздікке көз жеткізбей, велосипедпен келе жатқан баланы қағып кеткен. Бала дереу ауруханаға жеткізілген, алайда дәрігерлердің күш салғанына қарамастан алған жарақаттарынан көз жұмды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!