"Балаларды жек көрген адаммын". Әмина апа балалар үйіне қаражаттың қайдан түсетіні туралы айтты

"Жетім көрсең, жебей жүр" деген нақылдың түбінде қаншама салмақты ой жатқанын кез келген адам сезіне бермейді. Ал "Перзент" балалар үйінің басшысы Әмина Қажы Әжібаева осы бір ауыр жүкті отыз жылға жуық арқалап келеді. Кішкентайынан жетім балаларды бауырына басып, олардың ыстық-суығына төзіп жүрген Әмина апамен Massaget.kz тілшісі жүздесіп, сұхбаттасты.

"Негізі балаларды жек көрген адаммын"

Әмина апа Қазақстанға 1961 жылы 4 жасында көшіп келген. 

"Біз 1961 жылы әке-шешемізбен бірге Қытайдан Зайсанға көшіп келдік. Қытайда өте ауқатты тұрдық. Алтын шығаратын жеріміз болды. Бәрі есімде. Негізі Қазақстан арқылы Австрияға кетпек болғанбыз. Бірақ алтынмен ұсталып қалдық. 1969 жылға дейін бізді Зайсаннан шығармады. Сөйтіп, 1969 жылы үлкен әпкем найман жігітке сол жаққа тұрмысқа шықты. Анам "біз кетеміз, бірақ бұлардың балалары Алматыға келгенде қайда жатады?" деп Алматыға келіп, үй салмақшы болды. Енді құрылысы басталған кезде 41 жасында анамыз қайтыс болды. 16 жасымда екі сіңліммен өзім қалдым. Ең кіші сіңлім 3-те болды. 

Кішкентай кезімнен өткір болдым. Өсек-ғайбатқа жоқпын, еркек мінездімін. Көп қиындыққа мойынсұна бермеймін. Еркелейтін адамымыз да болмады. Әкем анам қайтқан соң бірнеше рет үйленді. Төрт өгей шешені көрдік. Ешқайсысының да бізге, әкемізге жаны ашымады. Тек дүниемізді алып кете беретін. Сосын әкем "мыналардың біреуі де әйел болмайды екен, балам, одан да сенімен тыныш отырайын" деді. Төртінші өгей шешеміз кетерде кішкентай 6 жастағы қызын бізге қалдырып кетті. Екі сіңлім көбейіп, үшеу болды. Қазір әлі күнге дейін жақсы араласамыз. Ұл-қыздары бар", - деді ол.

Әкесі 71 жасында дүниеден озған.

"Негізі мен балаларды жек көрген адам болдым. Енді өсіп келе жатқан кезімде анасыз қалып, сіңлілерімді жеткіздім. Сол кезде бір көршіге кіріп, жағдайымызды айтпайтынбыз. Өте жігерлі болып өстік. Соның әсерінен бе, сіңлілеріме "іштегі сырды ешкімге айтпаңдар, ешкім көмектеспейді" деп айтатынмын. Өзім де сондай болдым. Біреудің есігіне барып, "жәрдем бер" деп жалынбадым. 

Әкем "тұрмысқа шық, балам, болмаса екі ұл, екі қыз асырап ал" деп жиі айтатын. Оның айтқанын мазақ қылып, "баймын ғой мен, 4 бала емес, 15 бала асыраймын, жағдайым жетеді" деп айтатынмын. Сол кезде әкем қолын жайып, "15 болсын, 50 болсын, көп бала нәсіп ет балама" деп дұға ететін. Әкемнің ризашылығын, батасын көп алғанмын. 71 жасында өмірден өтерде бір ұйғырдың қолымды сұрап келіп жүргенін айтты. "Балам, бір ауыз сөзімді жерге қалдырма, осы адамға тұрмысқа шық, мені жерлеген соң ертесіне некеңді қидыр" деп аманаттады. Әкем айтқандай, ертесіне некемізді қидық. Бірақ ана жігітке қарағым келмеді. Бір жағынан өлім боп, халық келіп жатыр. Содан жігітке "қажылыққа барғың келе ме, ақшасын төлейін" дедім. Ол бірден келісті, сосын Меккеге кетті. Ол жақтан үш айдан соң қайтып келді. Сөйтіп бірге тұрдық. Сол кісіден екі қызым бар. Ал жалпы төрт балам бар. Үлкен қызым жәрдемші болып, ылғи қасымда жүреді. Екінші қызым Ақтауға тұрмысқа шықты", - деді Әмина апа. 

"Жолдасым қарсы болды"

Оның айтуынша, күйеуі жетім балаларды асырап бағуға қарсы болған.

"Екінші қызыма екіқабат болған кезімде жетім балалар мені іздеп келді. Ол кезде кішігірім ашқан асханам болды. Соған балалар аш-жалаңаш болып келетін. "Мамалап" қасымнан шықпай қойды. Асырап алу туралы шешім қабылдағанда  күйеуім "бұларды үкімет асырау керек, не істейсің оларды?" деп қарсы болды. Сосын күйеуіме "ажырасайық" дедім. Сөйтіп, екеуміз екі жаққа кеттік. Бір аптадан соң қызымды босандым", - деді Әмина апа. 

Екі қызынан бөлек апаның бір қызы мен бір ұлы бар.

"Одан кейін балалар көбейе берді. Әлі есімде он бесінші жетім баланы қақпа алдынан жеті күндік 1 кг 700 гр етіп тастап кеткен жерінен тауып алдым. Қолтығы сасып кеткен, үсті кір-қожалақ боп жатыр екен. Жуындырып, тазаладық. Қасымдағы бір келіншек, "Қажы апай, омырауыңызды тосыңызшы" деді. "45-ке келдім ғой, қайдағы сүт?" деп қарсы болдым. Қоймаған соң, дәрет алып, екі рәкат намазымды оқып, дұғамды жасап, жаңағы қызды еміздім. Сол бойда тұла бойым шымырлап, әрбір тамырым бүлкілдеді. Құдайдың құдіреті, сүт толып шықты. Қазір сол менің қызым болып кетті. Жасы - 25-те. Өзі толық, ірі денелі. 4 жасқа келгенде анасы жылап келіпті. Үш ұлы бар екен, мынаны басқа жігіттен тауып, осында тастап кеткен. Бірақ алып кетпеді.

Біраз уақыттан соң осы үйге көшіп келгенде 4 кг 800 гр ұл баланы ит талап жатқан жерден тауып алдым. Ол қазір 13 жаста. "Мамалап" тұрады. Кейде бізге толық ер немесе әйел адам келсе, "солардың ата-анасы ма?" деп жүрегім қатты соғып, уайымдап кетемін", - деді ол.

"Құжаттарын тексеріп аламыз"

"Перзент" балалар үйіне 2024 жылы желтоқсанда 30 жыл толады. 

"Баланы бұрын ешқандай талапсыз қабылдай беретінмін. Сосын өзім іздеп, жасатып алатынмын. Қазір төлқұжатымен бірге сенімхатын жаздырып аламын. Қазір құжаты жоқ болса, заңсыз деп балаларды алып кетеді. Сол үшін құжатымен тексеріп аламыз. Бірақ мұнда келген баланы туыстары, ата-анасы алып кетуі сирек.

Бір жақсысы, мұнда балалардың жасына шектеу жоқ. Қанша жасқа дейін бізде тұрғысы келеді, рұқсат береміз. Сондай-ақ, әр бала 18 жасқа дейін шотына ақша жинап шығады. Үкімет тарапынан берілетін жәрдемақыларын арнайы аттарына шот ашып, 18 жасқа дейін алмайтын етіп жасап қойғанмын. Есесіне, өздеріне жақсы қор болады", - деді Әмина апа.

Қазіргі таңда мұнда 35 бала тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде 10-ы қыз, 25-і ұл бала.

"Кеше ғана бір әйел екі жастағы баласын әкеліп тастап кетті. Жағдайы жоқ екенін айтты. Баласы жылап қалды. Қазір ойнап жүр. "Әке-шешем үйге кіргізбейді, баламмен қабылдамайды" деді. Не істейміз, алып қалдық...Мұндай тағдырлар көп.

Былтыр 13-14 жастағы қыз бен ұлды туыстары "алып кетеміз" деді. Олардың шотында 5 млн ақша жиналған болатын. Соны естіген болуы керек, мамасының сіңлісі балаларды тез арада алып кетті. Барғаннан балаларға телефон ұстатып, темекі үйреткен. Неше түрлі нәрсені көрсеткен. Балалар біраз бұзылды. Бірақ олардың ақшасын 18-ге толғанша алуға болмайтынын біліп, бізге қайта әкелді. Бір кеткен баланы кері қайтарып алмайтын заңым бар, алмайтынымды айттым. Қазір сол екі баланы өзге жанұя асырап алды", - деді ол. 

"Камаз айдаймын"

Әмина апа балалар үйіне қаражаттың қайдан түсетіні туралы да айтып өтті.

"Көпшілігі мені ақшаны қайдан алады деп ойлайды. Ашылған кезден бастап арзан мал көрсем, барып алып келетінмін. Соны өсіріп, кейін бордақылап саттым. Қазір де солай. Сөйтіп, коммуналдық төлемдердің, салығымның ақшасын шығарамын. Бұл үй жетімдердің панасы ғой. Шүкір, үй кең, азық-түлігіміз жетеді. Тек коммуналдық төлемдерді қыстыгүні 1 миллионға дейін төлейміз. Одан бөлек салығымыз бар. Осының бәрінің ақшасын шығару үшін осы уақытқа дейін істемеген тіршілігім қалмады.  Асхана аштым, жерге егін ектім, мал сойып, бордақылап саттым. Қайсыбірін айтайын...Тіпті, қазіргі уақытта КАМАЗ да айдаймын", - деді ол.

Одан бөлек апаның саумал орталығы да бар.

"Саумал көп ауруға, соның ішінде онкологиялық ауруға ем. Мұны мен өзім ауырғанда білдім. Бір жағы халыққа сауабы тисін деп осы орталықты аштым. Қазір соны сатып немесе жалға алғысы келіп, көп ақша ұсынатындар көп. Бірақ "менің әкем ақшадан өлген жоқ" деп оларға бермеймін. Себебі ертең оны алған соң, жынойнаққа айналдырады. Маған ол керек емес", - деді ол.

"Болат Назарбаевқа да бардым"

Әмина апа қарап отырмайтын еңбекқор адам. Қазіргі таңда ерекше мешіт салып бітірген.

@s.usenbayev

♬ оригинальный звук - ??????? ??

"Жақында 2500 адамдық ерекше мешіт салдым. Ерекшелігі  - мұнда мәйітхана, мәйіт жуатын жер, ас беруге арналған орын бар. Енді бұған жерлеуге бес гектар жер іздеп жүрмін. Бес гектар жетеді. Әлеуметтік осал топтағы немесе жағдайы жоқ жандар келіп, өлген туыстарын тегін жуындырып, асын беріп, садақа істеуіне болады. Барлығы тегін. Жағдайы жоқ адамдар әрлі-берлі шапқыламайды, соған жәрдемдескім келеді", - деді ол.

Оның айтуынша, қол ұшын созатын кәсіпкерлер болғанымен, бес саусаққа жетпейді.  

"Бес гектар жер сұрап, Болат Назарбаевтың үйінің алдына да бардым. Бірақ әйелі кіргізбей қойды. Сонымен, қайтып кеттім. Негізі Болатпен бұрыннан көрісіп, араласқан адамбыз. 2006 жылдан бері Алтын Орда қоймасындағы азық-түліктерді Болаттың арқасында арзанға алдым. Жақында Болаттың орнына келген жігітке сен де солай арзанға берсең деп өтініш айтып едім. Оған келіспеді. "Бермей-ақ қой, балам, Құдай саған берсін" дедім. Қазір базарға барғанда қолынан келгенінше халық көмектесіп жібереді", - деді Әмина апа.

"Асылып өлгім келеді"

Мешіттің мәйітханасын апа зейнетақысын жинап, соған салдырған.

"Кейбір көреалмайтын адамдардың сөздерін естіп, екі метр жіпті алып, асылып өлгім келеді. "Бұл ұйғыр қатын екен, ақшаны қайдан алып жатыр?" деген әңгімелері желдей еседі ғой. Одан да жеті шелпек нанын пісіріп, жағдайымызды білсе ғой деп ойлаймыз.

Мешіттегі мәйітхананы өз зейнетақыма салдым. Бұрын 20 мың, қазір 56 мың теңге зейнетақы аламын. Үкіметтен бір тиын ақша алған адам емеспін", - деді Әмина апа.

Әмина апа тоғыз ай бойы онкологиялық аурумен күрескен.

"Кеше ғана ауруханадан шықтым. Тоғыз ай бойы онкологиялық аурумен күрестім. Үлкен дәретім жүрмей қалып, қыздарым Түркияға апарып тексертті. Диагнозын солай қойды. Бірақ олардағы отаның құны қымбат екен. Одан да елде жасатамын деп шешім қабылдадым. Он екі химиялық терапия алдым. Сөйтіп, Алматыдағы онкологиялық орталықта Абай деген дәрігер ота жасап, қазір шауып жүрмін, шүкір.

Негізі мен ауруды қабылдамадым. Тіпті, ішегімді сыртқа шығарып қойып, Ақтауға да барып келдім. Себебі "ойбай, ауырып қалдым" десең, содан өлесің. "Дәрігерлердің бастары істемейді, өтірік айтады" деп өзімді сендіріп алып, сонымен жүрдім", - деді ол.

"Бұған дейін жертөледе тұрдық"

Әмина апа балалармен 7 жыл жертөледе тұрған.

"Алғашында әкемнің үйінде бақтым ғой. Бірақ тұрғындар "балалар шулайды" деп қарсы болды. Сөйтіп, көшемін деп жүргенде несиеміз көбейіп, үш үйімізді 20 мың долларға сатып, бар ақшаны сонда бердік. Сосын бір пәтердің астындағы жертөлені тауып, оны қоқыстан тазаладық. 21 Камаз қоқыс шықты. Содан кейін, жөндеу жұмыстарын жасап, көшіп келдік. Сонда тура 7 жыл тұрдық.

Бірақ жертөленің бір жаманы таңертең боғы ағып кететін. Себебі канализация сонда болды. Далада тамақ істегенімізді көре алмай, тұрғындар "тек тамақ жей береді" деп қазанымызға неше түрлі нәрселер лақтыратын. Ал канализацияға түрлі банка, бөтелке сала бастады. Ол бітеліп, бүкіл жерді былғайтын. Таңертең тұра салып, боқ тазалайтынбыз", - деді Әмина апа.

Кейін Марғұлан Сейсембай, Асқар қажы Әбітайұлы апаны жертөлеге іздеп келген.

"Кірген бойда "Жертөленің мынадай әдемі болатынын білмеппіз" деп таңғалды. Сөйтіп, осы үйді солар сыйға тартты. Ол кезде мұның түгі жоқ. Тек қаңқасы ғана бар болды. "Апа, бәрін жасап, көктемге дейін кіргіземіз" деп уәде етті. Айтқанындай, көктемде, 2006 жылы көшіп келдік. Қазір балалар оларды "әкеміз" деп үнемі тілек тілеп отырады", - деді ол.

"Ет, киім ұрлайды"

Апаның екі көмекшісі бар.

"Екі көмекшім де осы балалар үйінің түлектері. Біреуі құжат бойынша, екіншісі сырттың жұмыстарын бітіреді. Үй тірлігіне, жинау-тазалау жұмыстарына осындағы балалардың өзі қолғабыс тигізеді.

Бізге бір қиыны қазақ әйелдер жұмысқа келмейді. Мұнда киім де, ет те, тамақ та толып жатыр, шүкір. Жұмысқа келген адам ет, киім ұрлайды. Сол үшін біз сырттан алуға мәжбүрміз. Мысалы, біздің аспаз Қарақалпақстанның азаматшасы. Осы жаққа 6 айға келген. Дүйсенбі демалады, 200 мың жалақысы бар. Тамақ пен тұратын жеріне төлемейді. Осы жерде жұмыс істеп, сол өз жағынан үй алып алды", - деді ол.

Оның айтуынша, бұрынғы балалар жиі келіп тұрады.

"Бұрынғы балалармен араласып тұрамыз. Екі бала жұмысқа келді. Жалақысын төлеп отырамын. Жағдайлары жақсы", - деді Әмина апа.

"Қыздар хиджаб, балалар тақия киеді"

Балалардың күн тәртібі бес уақыт намаз оқудан басталады.

"Келген балаға міндетті түрде қазақша сөйлеуді және намаз оқуды үйретеміз. Мектепке автобуспен барып-келеді. Балалардың барлығы бір мектепте оқиды. Бір ғана студентіміз университетте, ол өзі барып-келеді.  Үйде қыздар хиджаб, балалар тақия киеді. Мектепке барғанда шешіп тастайды. Бәрі қазақша сөйлейді. Тіпті, орыс, еврей, арабқа шейін қазақша сөйлетіп қойдым. Көшеге шықса, әппақ қылып бастарына орамал тағады. Бір ереже бар: балаларға телефон бермейміз", - деді Әмина апа.

"21 Құран кітапты алып кетті"

Апаның айтуынша, алдағы уақытта балаларға арналған пәтерді бітіру жоспары бар.

@s.usenbayev

♬ оригинальный звук - ??????? ??

"Балаларға бөлек пәтер салып жатыр едім. Жақында комиссия тексеріп, құжаты дұрыс емес деп құрылысты тоқтатып тастады. Соны бітіргім келеді.

Мені тексеріп, не іздейтіндерін білмедім. Тексерістен соң 21 Құран кітапты алып кетті. Бізде әр балада кішкентай Құран кітаптар бар. Жаңағы үлкен кітаптарды біз оқымаймыз. Тек сөреде жиналып тұрады. Олар бізге сыйлыққа келген еді. Сондықтан да, келушілерге бізге Құран кітап әкелмеуін өтінемін. Оны мешітке апарыңыздар", - деді ол.

Әмина апа жетімдердің көбеюі 30 жыл ішінде еш өзгеріссіз болғанын айтты. 

"Ашқан жылдары қаншалықты көп келсе, қазір де сондай. Тіпті, артпаса кеміген жоқ. Сондықтан да қыздарға айтарым бар. Айналайындарым, сабырлы болыңдар! Жанұяны қайткенде де сақтап қалыңдар. Біреудің баласы біреуге бала болмайды. Тұрмысқа шыққаннан соң сол адаммен ыстық-суыққа бірге төзіңдер! Жетім балаларды толтыруды тоқтатыңдар! Не деген тасжүрексіңдер! Қандай қиыншылық болса да, балалар үйіне тасымаңдар! Намысшыл болыңдар! Ар, намыс, ұят кеткен адамда ештеңе қалмайды. Қандай жаман шеше болсаңдар да, сендер балаларың үшін Анасыңдар! Мен мына жерде тәттілеп шай беріп баққаныммен, сендер берген қара су балаларыңа сондай қымбат! Соны біліңдер!", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда бала асырап алғандарға қандай көмек көрсетілетіні туралы жарияланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Сәрсенбі күні қандай адамдар дүниеге келеді?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!