- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Балаларды жарысқа апару...
"Балаларды жарысқа апару үшін жүгері егіп, дәнін сатқан". Демеу Жадыраевтың алғашқы бапкері кім?
Желіде Демеу Жадыраевтың тұңғыш бапкері Жұмахан Тұрғанбековтың видеосы тарады. Париж Олимпиадасында финалға шыққан шәкіртін көрген жаттықтырушы көзіне жас алды. 61 жастағы спортшының бұл әрекеті желі қолданушыларды елжіретті. 2 чемпион дайындап, 40 жыл бойы жүздеген шәкірт тәрбиелеген бапкер туралы не белгілі? Толығырақ Massaget.kz материалында.
Жұмахан Тұрғанбеков 1963 жылы 2 ақпанда Талдықорған облысы, Кербұлақ ауданы, Алтын Емел ауылында дүниеге келген. Ол небәрі бапкер мансабын 23 жасында Алматы облысы, Панфилов ауданы, Үшарал ауылында бастады. Не күрес кілемі, не жуынып-киім ауыстыратын арнайы бөлмесі жоқ жаттығу залында қызметін бастаған Жұмахан Тұрғанбековтың арманы Әбілсейіт Айханов, Жақсылық Үшкемпіровтей дарабоздарды шыңдап шығару еді.
Жұмахан Тұрғанбеков - Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеген бапкер. Оның шәкірті Нұрбақыт Теңізбаев - Пекинде өткен 2008 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері, Демеу Жадыраев - биыл Парижде өткен Олимпиаданың күміс медалисі.
Олимпиада чемпионы Нұрбақыт Теңізбаев бапкері туралы естелігін бөлісті.
"Бір адам қазған құдықтан мың адам су ішеді" дегендей, ағамыз жүздеген баланы күреске баулыды. Жұмахан ағай - қарапайым, еңбекқор, мақсаткер тұлға. Бапкеріміз әрбір әдісті қызықты етіп үйретуші еді. Бір ерекшелігі, бір жерден бастаған әдіс-айласы екінші, үшінші әдістерге ұласып жататын. Мысалы, менің сүйікті тәсілім "диірменді" оңтайыма келтіре үйреткен осы кісі еді. Ағайдың баптауымен етпеттеген балуанды жұлқыған бойда айналдыра тастауға ұзақ машықтандық. Қысқасы, сол кісінің шүмектеген маңдай терімен күрестің әліпппесін меңгердік", - деді ол.
qaz365.kz сайтынан
Биыл Қазақстан қоржынына күміс салған Демеу Жадыраев та тұңғыш бапкері туралы айтып, жаттықтырушының балалар үшін барын салғанын жасырмады.
"Бапкеріміз жаттығу кезінде қатал еді. Бізде тәртіп күшті болды. Бір рет кешіксең, ұрсып алады. Одан кейін қайталанса, залдан қуып шығатын. Ағай өз ісіне қатты берілді. Шәкірттерін тоғай ішінде жүгіртіп, арасында доп ойнатып, жан-жақты баптауға күш салды. Балаларды жарысқа апару үшін жүгері егіп, соның дәнін сатушы еді. Тынбай тер төге жүріп, тапқан-таянғанын біздің жолымызға жұмсады. Жаттығудан кейін атақты спортшылар туралы қызық әңгімелер айтатын", - дейді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек