Ақтөбеде аса ірі көлемде ақша жымқырды деп айыпталған More life қоғамдық қорының директорына қатысты қылмыстық іс қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, азамат Ж-ның 2022-2024 жылдар аралығында алаяқтық жолмен науқас балалардың ата-аналарының шотына қайырымдылық ретінде түскен қаражатты иемденгені анықталды. Жалпы сома 43 889 429 теңгені құрады.
Сот отырысында сотталушы өз кінәсін мойындамаған.
Оның кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, банк анықтамаларымен және іс бойынша басқа да дәлелдермен расталды. Осылайша, ақша жымқырған әйел кінәлі деп танылды.
"Сот Ж-ны ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танып, оны 10 жыл коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", - делінген баспасөз хабарламасында.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, More Life қоғамдық қорының жетекшісі биыл сәуір айының соңында Ақтөбеде қамауға алынған болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!