Балаларды арманына сенуге үйрететін жоба – "Кел, балалар, оқылық"

Yelim-ai Education қоры өзінің "Кел, балалар, оқылық" жобасының екінші бөлімін Тараз қаласында түсірді.

Жоба негізінде кастинг ұйымдастырылып, биге икемі бар балалар таңдалған. Кейін олармен біріге отырып "ÏNE" көлеңкелі театры мен музыкант Zheka Fatbelly-дің бейнебаяны түсірілген болатын.

Jusan Bank қолдауымен іске асып жатқан жобаның продюсері – Алмас Жали, режиссері – Қуаныш Бейсек.

Режиссер Қуаныш жоба жайында "Осы жоба аясында жазда алғашқы шығарылым жасадық. Жалаңаш ауылындағы балаларға режиссерлік курс өткізіп, кейін олар бейнебаян түсірді. Күзгі шығарылым жасау үшін Таразға бардық. Ол жерде биге икемі бар балаларды іріктеп алдық. Негізі өзіміз үлкен қалаларда туған жоқпыз. Кішкентай қалада өмірге келсек те, үлкен жетістіктерге жетіп жатырмыз. Сол себепті кішкентай балаларға қолдау көрсеткіміз келді. Бұл жобамыздың миссиясы" — деді.


"ÏNE" көлеңкелі театры қазақтың тұрмыс мен тарихын зерттеп, түрлі мифология, аңыздар мен тарихи оқиғалар негізінде қойылым қойып, көпшілікке ұсынады.

Бұл жоба аясында театр өнеріне бейім балаларды жинақтап олардан шағын команда жасаған.

"Кел, балалар, оқылық" жобасы шалғай ауылдар мен кішігірім қалада тұратын балалардың бойындағы шығармашылыққа деген қызығушылықты ояту және мүмкіндіктер алаңын ашу мақсатында бастау алған. Түсірілім жұмыстары бір аптаға созылды. Алғашқы күні танысу болса, кейінгі күндерін балалар таланттарын шыңдауға жұмсаған. Олар анимация, театр өнерімен танысты.

Бейнабаян мен көлеңкелі театрдан бөлек, түсірілім жұмыстары жайында әрі кішкентай балалардың қатысуымен, олардың алған әсерімен бөлісу мақсатында деректі фильм жарыққа шықты.

Әр баланың бұл жобадан түйгені — арманға сену және ешкімнің сөзіне мән бермей, алға қадам басу.

Жобаның алғашқы шығарылымымен танысу үшін Yelim-ai Education қорының парақшасына өтіңіз.