- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Балалар үйінде бала...
Балалар үйінде бала қалмады
Атырау облысында 1 тамыздан бастап жетім немесе қараусыз қалған балаларға арналған арнаулы балалар үйі жабылады.
Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйінің директоры Сания Мусиеваның айтуынша бұл оқиғаға басты себеп – баланы асырап және оларды қамқорлыққа алушылардың саны артуы. Осы жылы он ұл-қыз мектепті аяқтап, түлеп ұшса, екі баланы патронаттық отбасы әрі тоғыз баланы қамқоршылар өздеріне алған. Ал, алты бала өз анасының қолына қайта тапсырылған. Қалған сегіз бала отбасы тектес «Шаңырақ» балалар ауылына жіберілді.
– Асырап алушылар көп. Тіпті кейбіреуінен балаларға көрсеткен керемет қамқорлығы үшін алқа тақса да артық етпейді, – дейді Сания Мусиева. – Мысалға, 2004 жылы Индер ауданында тұратын бір отбасы бірден төрт баланы өз қамқорлығына алды. Үлкені бүгінде отбасылы, екі қызы тұрмыста, ең кішісі – жоғары оқу орнының студенті. Кейін бұл отасы бізден тағы екі ұлды өз бауырларына басты. Бірі колледж қабырғасында болса, бірі 3-сыныпқа аяқ басты.
Ал жақында Алматы облысының Алакөл ауданы Жыланды ауылының әкімі Ануарбек Жүнісбеков төрт қыз бен екі ұлдың қамқоршысына айналды.
Сонымен қатар балалар үйінің директорының мәлімдеуінше балалар үйінің тәрбиеленушілері республикалық онлайн-базаға еңген. Соның арқасында тек Атырау тұрғындары емес, өзге елді-мекеннен келіп, бала асырап алуға мүмкіндік туған.
2013 жылдан бастап балалар үйінің бір бөлігі дарынды балаларға арналған лицей-интернаттың қол астына өткен. Ал, тамыздан бастап түгелдей лицей атауын иемденеді. Бұл жерде барлық жағдай жасалған: жатақхана, асхана, оқу сыныптары мен спортзал бар.
Дереккөз: azh.kz
Т. Есқали