- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Балалар ойыншығына салынған":...
"Балалар ойыншығына салынған": есірткіні АҚШ-тан сәлемдеме арқылы алдыртқан адам 10 жылға сотталды
АҚШ-тан Қазақстанға есірткі алдыртып келген азамат 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас көлік прокуратурасының ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен жылдан бастап алқабилердің қатысуымен қаралатын аса ауыр санатына жататын қылмыстық істердің тізбесі кеңейтілді. Олардың қатарына есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымымен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар да енді.
"2023 жылдың соңында алқабилер ірі көлемдегі есірткі контрабандасымен айналысқан азамат А.-ға қатысты айыптау үкімін шығарды. Олардың үкімі бойынша кінәлі тұлға сотпен 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды", - делінген хабарламада.
Мемлекеттік айыптаушы сотқа бұл азаматтың АҚШ-тан халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы ішіне есірткі салынған балалардың ойыншықтарына тапсырыс бергені және алғаны туралы бұлтартпас дәлелдер келтірді. Есірткі Қазақстан аумағында сату және одан материалдық пайда табу мақсатында әкелінген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы