- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Балалар қонақүйде оқуға...
Балалар қонақүйде оқуға мәжбүр болған: БҚО-да құрылысы ұзап кеткен білім орны қашан пайдалануға беріледі?
Былтыр Батыс Қазақстан облысында 12 білім ордасы уақытылы жөнделмей, балалар тар жерде оқуға мәжбүр болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Соның бірі - Бөкей Ордасы ауданы Хан Ордасы ауылындағы орта мектеп. Білім ұясында 2021 жылы басталған жөндеу жұмыстары былтыр бітуі қажет еді. Алайда құрылыс әлі жалғасып жатыр. 500-дей оқушы Мәдениет үйінде, қонақүйде, өзге де ғимараттарда білім алып келген. Нысанды күрделі жөндеуге қазынадан 376 миллион теңге қаралыпты.
Облыстық білім басқармасы құрылыс компаниясын сотқа бергенімен, жеңіліп қалған. Мердігер әкімдіктің уақытылы қаржы аудармағанын айтады.
"Былтыр да үлгертеміз" деді, қалды. Биыл да үлгертеміз" деді, әлі істеп жатыр. Осындай мектеп бітпегесін, балалар қазір жүр, ана мейманханада оқып жүр, интернаттың тар бөлмелерінде. Балалардан қандай сабақ күтуге, оқытушылардан қалай сабақ бер деп айтуға болады. Ешқандай жағдай жоқ", - дейді Хан Ордасы ауылының тұрғыны Майдан Батыров.
Құрылысқа жауаптылар білім нысанын 1 тамызға дейін тапсыратындарына уәде беріп отыр.
"2021-де тамызға дейін бізге ақша төлей алмады. Біз басында сәуірге дейін 120 миллион істеп қойдық. Бізге "аванс" төлей алмады. Сол үшін біз сәуірден тамыға дейін тоқтап тұрдық. Тамыздан кейін бұл жақтың жолын білесіз ғой, жол жоқ, жаңбыр бар. Ақша бөлгенде материал жеткізе алмай қалдық. Негізгі себеп сол болды. Сол үшін созылып кетті", - дейді мердігер Әзіретшері Шәден.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова