Көкшетау қаласында жеті жыл бұрын басталған мектептің құрылысы әлі аяқталған жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.
392 орындық білім ошағы жоспар бойынша екі жылда салынып, пайдалануға берілуі қажет болатын. Соның салдарынан екі бірдей шағынауданда тұратын 600-ге жуық оқушы қалаға немесе көрші ауылға қатынап оқуға мәжбүр.
"Екі балам бар. Екінші және бірінші сыныпта оқиды. Мектепке қыста апарамыз. Қыста да, жазда да осылай тұрамыз автобус күтіп. Балалар жылайды. Мазасы кетеді. Осылай аялдамада тоңып тұрамыз", - дейді қала тұрғыны Үміт Тастанбек.
Қазір мектеп құрылысының 90 пайызы дайын. Ал жауапты мамандар тек сыртқы әрлеу жұмыстары қалғанын жеткізіп отыр.
"Бүгінде біз мектеп құрылысын белгіленген мерзімде аяқтамаған компаниямен келісімшартты бұздық. Қайтадан конкурс жариялап, басқа мердігерлерді анықтадық. Қазір олар жұмысқа кірісіп кетті. Алдағы оқу жылына дейін нысанның құрылысы толық аяқталады деп жоспарлап отырмыз", - дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Руслан Оспанов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!