Солтүстік Қазақстан облысында екі мұғалім мектепте бұрыш баллонын шашқан, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға Ақжар ауданы Талшық ауылында болған. 27 қыркүйекте полицияға Талшық ауылындағы мектепте оқушылар есінен танғаны, ғимаратта түсініксіз иіс бар екені туралы хабарлама түскен.
Жедел тергеу тобының қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторы оқушыларды, техникалық қызметкерлер мен педагогтарды ғимараттан эвакуациялады, кейін мектепті тексеруге кірісті.
"Тексеріс барысында осы мектептің екі мұғалімі бұрыш баллонын қарағаны анықталды, кейін біреуі салдарын ойламастан, баллонды шашып жіберген, ол ауаға тарап кеткен. Оқиға салдарынан 9 және 11 жастағы екі оқушы, сондай-ақ 53 жастағы әйел аудандық ауруханаға жүгінді. Оларға медициналық көмек көрсетілді", – деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Бұрыш баллонын шашқан мұғалімдерге ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында материалдар толтырылды.
Айта кетейік, бұл әрекет Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабына сәйкес 20 АЕК (73 840 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға не 5 тәуліктен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады. Қандай жаза берілетінін әкімшілік сот шешеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!