Балалар да бар: Былтыр Алматыда 12 адамға ыс тиіп қайтыс болған

Балалар да бар: Былтыр Алматыда 12 адамға ыс тиіп қайтыс болған
Фото: sevastopol.su

Былтырдың өзінде Алматыда 12 адам өрттен қаза тапқан. Оның ішінде балалар да бар. Төтенше жағдайлар департаментінің дерегіне сүйенсек, жер үйлердегі пештен төнетін қауіп көп. Осыған орай әрі қысқы мерзімге дайындықты күшейту үшін сала мамандары улы газды автономды түрде анықтайтын құрылғыларды орнатуға кірісіпті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Аlmaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Егер баспанаңызға орнатылған құрылғыдан дәл осындай дыбыс естісеңіз, дереу сыртқа шығып, бірден өрт сөндіру бөліміне хабарласу қажет. Бүгінгі күнге дейін мұндай 1500-ден аса датчик қаладағы үйлерге орнатылып үлгеріпті. Себебі қауіп сейілмей тұр. Жыл басынан бері пеште пайда болған ақау салдарынан 24 өрт дерегі тіркелген. Ал бір ғана Алатау ауданында 260 отбасы көмірдің көмегімен жылу алып отыр. Сала мамандары "бұл газға улану дерегін еселеуі мүмкін" дейді. Сол себепті олар тұрғындармен тілдесіп, қауіпсіздік ережелерін түсіндіруге тырысты.     

"Өткен жылыту маусымында бас-аяғы 231 өрт оқиғасы болды. Оның ішінде 62 жағдай дәл осы Алатау ауданында тіркелді. Соның салдарынан 5 адамды ажал құшты, оның төртеуі - кәмелетке толмаған балалар. Ал жалпы қала бойынша 12 адам қайтыс болды", - деді Алатау аудандық прокуратурасының прокуроры Қуаныш Әбілмәжинова. 

Құрылғы жұмысы өте қарапайым. Ауада көміртегі тотығының мөлшері артып кетсе, датчик бірден дыбыс шығарады. Осылайша, адам өмірін сақтап қалуға болады. Бүгін бұл мүмкіндікке әлеуметтік осал топтағы 10 отбасы ие болды. 

"Датчик автономды түрде батарейкалардың көмегімен жұмыс істейді. Олар жатын бөлмеге немесе кіреберіске қойылады. Алатау ауданында әкімдіктің әрі еріктілер ұйымының көмегімен мұндай 15 құрылғы орнатылып қойды", - деді Алатау ауданы төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Самат Бақытханұлы.

Қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған науқан жылыту маусымы аяқталғанға дейін жалғаспақ. Себебі мұндай құрылғылар қайғылы оқиғаның алдын алып, адам өмірін сақтап қалуға көп септігін тигізеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина