Қазақстанда жеті көпбейінді балалар ауруханасы мен сегіз заманауи перинаталдық орталық салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz.
Мемлекет басшысы еліміздегі бала саны мен туу көрсеткішіне тоқталып, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамытудың маңызын атап өтті.
Қазақстанда жеті миллионға жуық бала бар. Бұл – халқымыздың 34 пайызы. Жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді.
«Елімізде халық саны қарқынды өсуде. Сондықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамыту – өте маңызды міндет. Біз ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңінде еліміз бойынша сегіз заманауи перинаталды орталық салуды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей, Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасы, Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтереді», – деді президент.
Мемлекет басшысы аталған жұмысқа бюджет қаражатымен қатар, жеке капиталды кеңінен тарту керек екенін айтты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!