- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Балалар ата-анасына еш...
"Балалар ата-анасына еш нәрсе қарыз емес" - ARU LIFE жобасында Ләззат Ибрагимова
Ләззат Еркінқызын қазақ қоғамы банк, қаржы саласында іскер әйел ретінде таниды. "Даму" қоры, "Бәйтерек" холдингі, "Отбасы" банк секілді ірі компанияларда қызмет еткен оның жүріп өткен жолы, отбасы, ақша үнемдеуге көзқарасы, жалпы қандай басшы? "Ару LIFE" жобасы негізінде дайындалған арнайы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Ләззат Еркінқызы Ибрагимова қазіргі Ақмола облысы Ерейментау ауданында, кеңес заманында "Ленинский" деп аталған совхозда дүниеге келген. Отбасындағы тұңғыш бала. Өмірдегі ең басты құндылық – білім деп санайды. Ал ARU LIFE секілді бағдарламаларға құндылықты насихаттау, әйел адамның өмірде көздегеніне жетуі үшін, ең бастысы оның тәжірибелік дағдылары мен білімі екенін айту мақсатында баратынын да тілге тиек ете кетті.
Бала кезімде ешкім болуды армандамадым
– Бала кезіңізде кім болуды армандадыңыз? Экономика, қаржы саласы әрқашан қызықтырушы ма еді?
– Бала кезімде ешкім болуды армандамадым, балалық шағымды жай ғана алаңсыз өткіздім. Ата-анам комсомолдық жолдама алған, әкем совхоздың комсоргы болатын. Кейін өзін басқа салада байқап көрмек болып, 1974 жылы басқа ауылға көшіп барды. 300 шақырым жердегі Жалтыр ауылына көшіп, 1974 жылы туған кішкентай інімді алып кеткен. Мен ауылда ата-әжемнің қасында қалып, 7 жасыма дейін сол кісілердің қолында тұрдым. Шартсыз махаббатқа бөленіп өстім, ата-әжелерім, аға-әпкелерім көп болатын. Мен өте көңілді бала болдым, "қалқанқұлақ" деген лақап атым болатын. Туғанымнан білімге құмар болдым, ауылда ақпарат, мүмкіндік аздау болды, шағын балабақша, шағын мектеп, баланың дамуына қажет үйірмелер болған жоқ. Сондықтан өзімді қызықтыратын, ермек қылатын нәрселерді өзім тауып алатынмын.
– Ал экономика мен қаржы сізді қызықтыратынын, осы салаға бет бұратыныңызды қай кезде түсіндіңіз?
– ЖОО барған кезде "Ауыл шаруашылығын басқару экономикасы" мамандығына арналған 50 орынға 550-ден астам өтінім берілгенін көрдім. 1 орынға 11 адам таласып жатқанын, тек мықтылар түсе алатынын ойладым да, солардың қатарына қосылғым келді. Мамандығымды осылай таңдадым. Әкеме келіп, "әке, Педагогика институтының тарих факультетіне ме, әлде Ауылшаруашылығы институтының экономика факультетіне түскенім дұрыс па?" деп сұрағаным есімде. Ол "айырмашылығы жоқ, бәрібір партияның аудандық комитетінде жұмыс істейсің" деп жауап берді. Әкем қызым партия қызметкері болса деп армандайтын. Әкем менің қай жағынан болса да, мықты екеніме толық сенетін. Балаларыңызды қолдаңыз, олардың қолынан кез-келген нәрсе келетініне сеніңіз деген сөздің жаны бар. Мен "балалар ата-анасына еш нәрсе қарыз емес" деген теорияны құптаймын, өйткені балалар ата-анасын таңдамайды. Олар жай ғана осы өмірге келеді, ал бұл баланы дүниеге әкеліп, тәрбие беруге саналы таңдау жасайтын – ата-ана. Сондықтан ата-ананың жауапкершілігі көбірек, үлкен өмірге қандай адамды аттандыратынымыз бізге байланысты болады.
– Сіз өз балаларыңызды тәрбиелеген кезде ұстанатын тәрбие беру моделі де осындай шығар? Сіз де әкеңіз секілді олардың кез-келген бастамасын қолдайсыз ба?
– Иә, мен оларды қолдаймын. Бір жағынан жолдасым екеуіміз қоғам алдындағы жауапкершілігіміздің жүгін түсінеміз. Әр ата-ана осы жауапкершілік қағидасын ұстануы керек. Баланың жаман әрекетке бармауы үшін, ата-анасы ең алдымен мораль тұрғысынан тыйым салуы керек. Ата-аналар белгілі бір қағидаларды орнатып, көрсетуі керек. 16 жастағы бала үшін ата-ананың беделі жоғары болуы керек, мас күйінде көлік тізгініне отыруға болмайды, өз пайдаң үшін біреудің әлсіз тұсын пайдалануға болмайды деген сияқты басқа да осындай шектеулер мен тыйымдардың бәрін ата-ана қалыптастыруы тиіс. Өмірге келгендегі мақсатымыз да, ата-ана жауапкершілігі дегеніміз де – осы.
Бағдарлама барысында Ләззәт Еркінқызы Altel компаниясы ұсынған шағын блиц-сауалнамаларға да ұтымды әрі парасатты пайыммен жауап берді.
– Адамзат тарихында ойлап табылған қай өнертабысты ең пайдалы деп санайсыз?
– Әрине, баспа станогы.
– Интернеттің адам баласына тигізген ең үлкен пайдасы қандай?
– Әлемнің кез-келген жерінен ақпаратқа қолжетімділік берді. Бір жағынан, бұл ең күрделі мәселеге де айналып бара жатыр. Айналамызда фейк-ақпарат өте көп, жалған мәлімет көбейіп кетті. Сондықтан адам қайсысы өтірік, қайсысы шындық екенін ажырату үшін сыни ойлау қабілетін дамытуы керек.
– Сіз үшін интернет деген не?
– Мен үшін интернет деген – үлкен ресурстар кітапханасы, мен оны мұқият пайдаланып, көп материал аламын.
– Алғашқы телефоныңызды қанша жасыңызда алдыңыз және маркасы есіңізде ме?
– Алғашқы ұялы телефоным кнопкалары бар, сұр түсті Nokia болатын. 1998 жылы алған шығармын.
– Телефон кітапшаңызда нөмірлері жазылған ең маңызды 3 адам.
– Қызым, ұлым, күйеуім. Негізі 4 адам, кенже ұлым да бар.
– Жақсы. Өміріңізде телефоныңызға келген ең күтпеген қоңырау.
– Ең қайғылы хабар жеткізген қоңырау болғаны есімде. 2020 жылы қыркүйекте ауруханадан дәрігер хабарласып, анамның комаға түскенін айтқан еді. Қуанышты хабарлар көп болған шығар, бірақ есімде ең қайғылысы қалыпты.
– Сіз қандай басшысыз? Барлық жұмысты қадағалап отыратын қатал ма, әлде микроменеджментке араласпайтын жұмсақ мінезді, мейірімді басшысыз ба?
– Мен, негізі, жұмсақпын. Жақында орынбасарларымның бірі "Мать Тереза болғаның жетер, Маргарет Тэтчер болатын кез келді" деді. Менің айналамдағылардың бәріне сенімім мол, яғни өзіме, түйсігіме сенемін, өзгелерге сену қиынырақ, бәрінің бірдей қолы келе бермейді. Басқаларға сену деген – басқаларды сыйлау. Сенім деген не? Сенім, наным деген сөздердің түпкі мағынасы бір. Өзгелерге сену дегеніміз – оларға сенім білдіру. Яғни, "мен саған сенемін, сондықтан осындай құзыреттерді сеніп тапсырамын. Саған сырымды ашып отырмын, себебі саған сенемін, сенімен шын жүректен сөйлесіп отырмын" деймін. Бұл – сенімнің ең жоғарғы түрі. Сондықтан компанияны басқаларға сенім білдіре отырып басқаратын басшымын деп ойлаймын.
Мен әлі күнге дейін өзімді дамытуды тоқтатқан емеспін
– Күйеуім табысты болды, табысты ер азаматтың үй шаруасымен айналысып, тамақ пісіріп, бабын жасап отыратын жұбайы болатын мүмкіндігім де болды. Айпақшы, тамақ әзірлегенді жақсы көремін, бұл да қолымнан келеді. Қонақ күткенді ұнатамын, қонақжаймын. Осы рөлді таңдауыма болушы еді. Бірақ басқа жолмен жүруді таңдадым, өзімді сынап көргім келді, "Даму" қорының басқарма төрайымы болдым, "Бәйтерек" холдингі төрағасының орынбасары болдым, қазір "Отбасы банк". Бұл – менің таңдауым. Сондықтан мемлекеттің дамудың қай кезеңінде тұрғанын нақты біліп, түсіну керек. Билікте әйел адамдар бар, бірақ аз. Ер адамдардың сені шақырып, жұмысқа алатын ойы жоқ екені есіңізде болсын. Сонда таңдау да анық болады. Өзіңді мінсізбін деп санаған сәтте жеңілесің. Сондықтан мен әлі күнге дейін өзімді дамытуды тоқтатқан емеспін. Менің жетістікке жету оқиғам тікелей еңбекпен байланысты, басқа еш нәрсемен емес.
Сұхбаттың толық нұсқасын ARU LIFE жобасының жаңа шығарылымынан 31 мамыр күні сағат 20:00-де Tengri TV YouTube-арнасынан көріңіздер.
ARU LIFE жобасының серіктесі – Аltel ұялы байланыс операторы. Компания Қазақстанда 4G-ден ондаған есе жылдам 5G технологиясын белсенді дамытуда.
О. Сансызбай