Балалар арбасымен автобусқа мінуге қатысты дау: министр шешім қабылдады

Әлеуметтік желіде балалар арбасымен автобусқа мінуге тыйым салынады деген ақпарат тарады. Премьер-министрдің орынбасары – көлік министрі Әсел Жанасова бұған қатысты пікір білдірді. Министр ата-аналардың алаңдаушылығын ескеріп, балалар арбасымен автобусқа мінуге қатысты ережелерді нақтылауға шешім қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әсел Жанасованың айтуынша, кішкентай баласымен қоғамдық көлікке мінген ата-ананы арбасын жинауға мәжбүрлеуге немесе автобустан түсіруге ешкімнің құқығы жоқ.

"Көлік министрі ретінде қоғамдық көлік балалы отбасылар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болуы мен үшін аса маңызды. Ата-аналардан келіп түскен өтініштер мен сауалдарды ескере отырып, ережелерді қайта қарау туралы шешім қабылдадым. Мақсатымыз – талаптардың әртүрлі түсіндірілуіне жол бермей, жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету", – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бұған дейін Көлік министрлігі қолданыстағы ережелер ата-аналарға балалар арбасымен автобусқа мінуге тыйым салмайтынын түсіндірген еді. Ведомство мұндай шектеу енгізіледі деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген.

Еске салайық, Әсел Жанасова 3 қарашада премьер-министрдің орынбасары – көлік министрі болып тағайындалған болатын.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!