- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Балалар әлі күнге...
"Балалар әлі күнге оқи алмайды". Түркістан облысында оқушылар төрт ауысыммен оқуға мәжбүр
Түркістан облысында мектеп оқушылары төрт ауысыммен оқуға мәжбүр. Ескі ғимаратта 700-ге жуық балаға арналған небәрі 10 кабинет бар, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.
Нұрлыжол ауылындағы мектеп оқушылары 1970 жылдары салынған бұрынғы студенттік жатақханада оқиды. Ғимарат содан бері жөндеу көрмеген. Ауылда балалар көбейіп, оқушылар төрт ауысымда оқуға мәжбүр.
"Үлкен ұлым таңғы 8-де мектепке барады, екіншісі 12-де, үшіншісі түскі 2-де оқиды. Ал төртіншісі, кіші қызым екінші сыныпта оқиды. Ол мектепке 4-те барады, үйге кешкі сағат 7:30-дан кешкі 8-ге дейін келеді. Сабақтар 32 минуттан, өйткені орын жетпейді, уақыт та. Кейбір балалар әлі оқи алмайды, оларды оқыту керек, бірақ орын жоқ", - дейді ауыл тұрғыны Ботагөз Медешова.
Мұнда 700-ге жуық оқушы және 70 қызметкерге арналған 10 кабинет бар. Сыныптар парталар мен орындықтарға толы. Сонымен қатар, ұстаздар мұндай жағдай үшін өздері де жазаланып жатқанын айтып шағымданды.
"Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау өкілдері мектеп стандартқа сай емес екенін айтады. Тақталар мен парталар тесілген, мектеп алдында тасжол жоқ. Оған мұғалімдер не істей алады? Олар өз қаражатына мектеп алдына бетон құйып, шатыр жасады. Қолымыздан келгенін істеп жатырмыз, жақында 670 мың айыппұл салды. Мұны бәріміз өз ақшамызбен төледік. Жақында сертификаттау келеді, яғни қайтадан жазалайды. Өйткені стандарт бойынша бәрін жасап шығу мүмкін емес", - дейді ұстаз Бекан Бекназаров.
Мектептегі асхана ғимаратын акт залы мен спорт залы ретінде пайдалануға мәжбүр. Ескі тақталар, үстелдер, орындықтар сақталатын қойма да осында. Оларды көрші ауылдардағы мектептер шығарып тастаған, оны осы мектепте жөндеп, пайдаланып жатыр.
Ауыл тұрғындары жеті жылдан бері шенеуніктерге шағымын айтып келеді. Тіпті жаңа мектеп салу үшін жер беруге де дайын. Бірақ бәрі ескі құжаттарға байланысты.
Шенеуніктер оқушылар мен ұстаздардың азабы жақын арада бітетінін айтып, сендірген. Аудандық адами даму бөлімі де көптен күткен құрылыс жұмыстары биыл басталатынын айтқан. Мердігер компания анықталған, оған 10 миллион теңге бөлініп, қазанда жұмысқа кіріседі екен. 300 орындық білім ошағына барлығы 1 миллиард 151 миллион теңге жұмсалатыны жоспарланған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова