- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Балаға ортопедиялық аяқ...
Балаға ортопедиялық аяқ киім кигізу қаншалық маңызды?
Бүгінде көшедегі балаларға қарасаң, екінің бірінің аяғы маймақ немесе қисық басады. Дәрігерлерге барсаң, бірден ортопедиялық аяқ киім кию керегін айтады. Ал аяқ киім сататын дүкендегі көмекшілер ортопедиялық аяқ киімді ыңғайлы, аяққа қатысты кез келген аурудың алдын алуға көмектесетін құрал деп түсіндіреді. Сондықтан ата-аналар ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінбей дал болады. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі ортопиядық аяқ киімге қатысты бар сұрақтың жауабын білу үшін педиатр Гаухар Жұматқызының көмегіне жүгінді.
Ортопедиялық аяқ киім - табанның сыртқы бекіткіші. Бұл ортопедиялық құрылғы, ол аяқты белгілі бір қалыпта ұстап тұрады, осылайша өкше тегіс күйде тұрады. Бұл өз қызметін дұрыс орындай алмайтын табанның дұрыс тұруы және бұрылмауы үшін қажет. Негізі ортопедиялық аяқ киімнің үш түрі бар:
- Емдік ортопедиялық аяқ киім;
- Емдік-профилактикалық ортопедиялық аяқ киім;
- Профилактикалық ортопедиялық аяқ киім.
Баланың аяғына ортопедиялық аяқ киім қалай әсер етеді?
Балаларға арналған ортопедиялық аяқ киім профилактика ретінде әсер етеді.
"Профилактикалық аяқ киім деп сатылатын аяқ киімдер табан деформациясының алдын алуға негізделген, табаны қатты, арты және ұлтарағы биік. Оның негізгі қызметі аяқтың доғасын дұрыс қалыптастыру. Бірақ қазіргі кезге дейін профилактикалық аяқ киімнің артықшылығы ғылыми зерттеулермен дәлелденбеген", - деді ол.
Педиатр мұндай аяқ киімді кәсіби маман ғана тағайындай алатынын ескертті.
"Ортопедиялық аяқ киімнің басқа аяқ киімдерден айырмашылығы, ол арнайы табан, аяқ деформациясы бар адамға арнайы дайындалған, қосымша бөлшегі бар аяқ киім. Мұндай аяқ киімдерді тек ортопед-хирург тағайындауы керек.
Гаухар Жұматқызы бала аяғы дұрыс жетілуі үшін қимыл қозғалыста болу өте маңызды екенін айтты. Ал ол үшін дұрыс аяқ киім таңдау қажет, сондықтан ол ата-аналарға бірнеше кеңес берді.
Бала аяғы үшін ең дұрыс аяқ киім:
- Табаны жұмсақ, қимылға кедергі келтірмейтін;
- Жеңіл;
- Ауа өтетін, табиғи материал;
- Қауіпсіз, 4-5 жасқа дейінгі балаларда аяқ киімін ұстап тұратын артқы бөлігі болуы шарт және артқы бөлігі биік болмауы керек;
- Өкшесі 1,5 сантимертрге дейін;
- Өлшемі кең де, тар да емес, бала аяғына сай болуы қажет;
- Белдігі: жабыстыратын немесе бау.
"Бала аяғы дұрыс дамуы үшін ең дұрысы - жалаң аяқ жүру.
Үйде міндетті түрде жалаң аяқ жүру керек. Сонымен қатар тегіс емес жерде жүру аяққа өте пайдалы. Топыраққа, құмға, шөпке жүргізіңіз, үйде арнайы кілемшелерде жүрген дұрыс", - деді ол.
Баланың ортопедиялық аяқ киюі шартты ма?
Дәрігер табаны қатты, қысып тұратын аяқ киімдер бала табаны, бұлшық еті мен сіңірлерінің деформациясына, яғни дұрыс дамымауына әкеп соқтыруы мүмкін екенін айтады.
Дегенмен ғалымдардың мәліметінше, көптеген адамның сүйегі 20 жасқа дейін өседі және осы уақыт ішінде аяқ қалыптасады, өзгереді. Жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, бала кезінде қатты аяқ киім киген балалар мен жұмсақ аяқ киім кигендердің аяғы бірдей қалыптасады. Сондықтан жалаң аяқ жүретін балалардың аяғы дұрыс дамиды. Бірақ аяқты жарақаттап алудан қорғау үшін профилактикалық аяқ киімді емес, ең жеңіл, жұмсақ, икемді және ыңғайлы модельдерді таңдаған жөн.
Ортопедиялық аяқ киімнің терісі туралы
Бала ортопедиялық аяқ киімді киген кезде табанды бір қалыпты ұстап тұруы қажет бұлшықеттер атрофияға ұшырайды, өйткені сегменттің қозғалғыштығы шектеулі, қарапайым сөзбен айтқанда олар ұйқыға кетеді. Ұзақ мерзімді оң нәтижеге қол жеткізу үшін сыртқы бекіту принципін емес, аяқтың және тобық буынының орналасуына жауап беретін бұлшықеттердің дұрыс жұмысын қалпына келтіру принципін қолдануымыз керек. Баланың аяғы дұрыс қалыптасып, қызметін атқаруы үшін ол қозғалыстан шектелмеуі қажет, ал ортопедиялық аяқ киім қозғалысты шектейді. Керісінше, буынның тұрақтылығын қамтамасыз ететін бұлшықеттерді жаттықтырған дұрыс әсер береді.
Ортопедиялық аяқ киім балаға көптеген ауруды жеңуге көмектесе алады, бірақ бұл барлық мәселеден арылудың тәсілі емес. Егер балаңызға ортопедиялық аяқ киім кию қажет деп ойласаңыз, ешқандай жағдайда өз бетіңізше шешім қабылдамаңыз. Сіздің шешіміңіз баланың денсаулығына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін екенін ұмытпай, кәсіби маманның көмегіне жүгініңіз.
Тағы да оқи отырыңыздар: Қандай тауарларды дүкенге қайтаруға болмайды?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Б. Жұмаділлә