- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Балаға гаджеттер қалай...
Балаға гаджеттер қалай әсер етеді?
Заманауи өмірді гаджеттерсіз елестету қиын. Олар біздің өмірімізге еніп, көмекшілерімізге айналды. Оларды ересектер түгіл балалар да кішкентай кезінен бастап қолданады. Алайда балаларға қоршаған ортадан гөрі гаджеттер қызығырақ болып бара жатыр. Балалардың олармен шамадан тыс әуестенуі және ата-аналардың балаларды тек гаджеттермен алаңдатуы несімен қауіпті? Гаджеттер балаларға қалай әсер етеді?
Гаджеттердің денсаулыққа әсері
Заманауи гаджеттердің электромагниттік сәулеленуі балалардың әлі дұрыс дамымаған жүйке жүйесіне жағымсыз әсер етуі мүмкін.
Күні бойы гаджетте отыратын баланың ұсақ моторикасы дамымайды. Балаға конструктор және мозаика ойнау пайдалы. Бала телефон немесе планшет экранын саусағымен қозғау арқылы қажетті сенсорлық сезімді алмайды.
Кішкентай экраннан мультфильмді ұзақ уақыт бойы көз алмай қарау баланың көзіне жағымсыз әсер етеді.
Сондай-ақ гаджеттермен әуестену баланың омыртқасына зиян. Әдетте, гаджет ұстап отырған бала бір қалыпта қозғалмай жатады немесе бүкірейіп отырады.
Гаджеттердің бала мен ата-ана қарым-қатынасына әсері
Көпшілік ата-ана балаға гаджетті бір мақсатпен береді: ол жылағанда тыныштандыру немесе өзіне бос уақыт алу. Алайда 2 жасқа дейінгі балалардың қолына гаджет беріп кетіп қалудың қажеті жоқ. Бұл жасқа дейін балада басқалармен эмоционалды қарым-қатынасы қалыптаса бастайды. Бұл уақытты өткізіп алмаңыз.
Гаджеттердің бала тіліне әсері
Баланың сөйлеуі дамуы үшін уақыт пен нақты шарттар қажет. Бала гаджетпен ерте танысса, ол оның тілінің шығуын тежеуі мүмкін. Логопед Шәйкенова Назгүл Серікқызы Massaget.kz тілшісіне гаджет бала тілінің дамуына қалай әсер ететінін айтып берді.
"Гаджеттердің бала тілінің кеш шығуына әсері бар. Ата-ана үш жасқа дейін баланы смартфоннан алыс ұстағаны жөн. Өйткені бұл жаста баланың тілі қарқынды дамып жатады. Тек тілі емес, бұл жаста бала әртүрлі қылықтар шығарып, мінезі өзгере бастайды. Осы кезде гаджетті көп қолданған баланың назары дайын бейнеге ауады, сөйлеу қажеттілігі азаяды. Соның салдарынан баланың сөздік қоры аз қалыптасады. Сондықтан ата-ана бұл кезеңді жіберіп алмауы тиіс. Баламен көбірек ойнауға кеңес берер едім. Теледидар көрсеткеннің өзінде анасы өлең-әндерді балаға айтып отырғаны жөн. Сонда бала жәй теледидарды көріп, оны дыбыстық қабылдамай, анасының таза дыбысты өз артикуляциясымен шығаруы арқылы визуалды қабылдайтын болады", - деді Назгүл Серікқызы.
Гаджеттердің бала психикасына әсері
Гаджеттер интеллектуалды дамуға ықпал етеді, бірақ ойлау мен қабылдаудың дамуына жағымсыз әсер етеді. Ашық түсті суреттер мен қатты дауыстан баланың көзі мен құлағы шаршайды. Сондай-ақ гаджеттер көп қараған баланың қиялы дамымайды, себебі ол тек дайын нәрселерді көреді.
Гаджеттердің балаларға пайдасы қандай?
Заманауи адам компьютерді пайдалана алуы және ғаламторды түсінуі керек. Қазір барлық нәрсе цифрландырылған. Сондықтан балаға жасына сай келетін сапалы ойындар мен қосымшалар жазып беруге болады. Олар логиканы дамытады, есте сақтауды жақсартады және шет тілдерін үйренуге көмектесуі мүмкін. Әдетте баланың мұндай ойындармен әуестенуі келешекте IТ – технологияны жақсы меңгеруіне көмектеседі. Алайда ата-ана баланы бақылауы және жанында отырып түсіндіріп отыруы маңызды. Сондай-ақ гаджеттерге нақты уақыт бөліп, сол тәртіпті сақтау керек.
Балаға гаджеттерді мүлдем бермей қоюға да болмайды. Бастысы, балаға көбірек уақыт бөліңіз, онымен көп сөйлесіңіз және нағыз құндылықтар жайлы түсіндіріңіз. Оған отбасы мен достардың адам өміріндегі орны жайлы айтып, кітап оқудың, білім алудың, дамудың маңыздылығын жеткізіңіз.
А. Жапатова