Балаева Құрылтай сайлауынан кейін Үкімет құрамында өзгеріс бола ма деген сұраққа жауап берді

Балаева Құрылтай сайлауынан кейін Үкімет құрамында өзгеріс бола ма деген сұраққа жауап берді
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс беріп, Үкімет құрамы өзгеруі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Балаеваның айтуынша, қазіргі Үкімет құрамы кәсіби мамандардан жасақталған. Сондықтан ол министрлер кабинетінде үлкен өзгеріс болады деп күтпейді.

"Қазіргі Үкімет құрамын өте кәсіби деп санаймын. Көптеген министр өз қызметінде қалады деп ойлаймын. Өйткені Мемлекет басшысының нақты тапсырмалары мен бастамалары бар, олар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Көпшілігі осы бағытты жалғастырып, жұмысын әрі қарай атқарады деп есептеймін", – деді ол.

Министрдің айтуынша, жаңа Конституция қабылданғаннан кейін заңдар мен заңға тәуелді актілерді соған сәйкестендіру қажет. Сондай-ақ, ол цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтарға тең мүмкіндік беру мәселелеріне басымдық берілетінін айтты.

Балаева ақпарат саласына да тоқталды. Оның пікірінше, жалған ақпаратты толық жою мүмкін емес. Сондықтан журналистер жариялайтын мәліметін мұқият тексеруге тиіс.

Министр медиа саласы мен онлайн-платформаларға қатысты ауқымды түзетулер пакеті әзірленіп жатқанын да мәлімдеді.

Құрылтай сайлауы

23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент - Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Бұл - 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау және жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы сайлау.

Сайлауға 7 партия қатысып жатыр. Құрамы мынадай:

  • "Ақ жол" демократиялық партиясы - 63 кандидат;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 69 кандидат;
  • "Әділет" партиясы (құрамына Amanat партиясы кірген) - 186 кандидат;
  • "Байтақ" Қазақстан жасылдар партиясы - 47 кандидат;
  • Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) - 72 кандидат;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) - 33 кандидат;
  • Respublica партиясы - 75 кандидат.

1 шілдеден бастап Қазақстан ресми түрде "жаңа дәуірге" қадам басты. Елде жаңа Конституция өз күшіне енді.

Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды. Енді елде қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай жұмыс істейді. Сайлау қорытындысы бойынша жаңа Парламентке 145 депутат кіреді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget