- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Балаева киіз үйде...
Балаева киіз үйде би билегендердің әрекеті қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін екенін айтты
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева киіз үйде би билеп, қоғам назарын аудартқан видеоға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Құрметті достар! Өздеріңізге мәлім, Ата заңымызда барлық азаматтың құқығы тең, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге кепілдік берілген. БАҚ пен әлеуметтік желілердің маңызы арта түскен қазіргі кезде қандай контент жасалып, бөлісіліп жатқанына ерекше мұқият болуымыз керек. Адамдардың көңіліне қаяу салып, мәдени және ұлттық болмысымызға сызат түсіретін жазбалар мен бейнероликтерге жол берілмейді. Осы орайда, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі ретінде киіз үйде би билеп, бейәдеп әрекетімен қоғам назарын аудартқан бейнеролик туралы айтқым келеді. Мұндай контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін. Арандатушылыққа да ұрындыруы ықтимал. Әрине, өскелең ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Видеоның мазмұны қазақ халқының құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне қайшы келеді", - деді ведомство басшысы.
Министрдің сөзінше, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар дәстүрлі құндылықтарымызды сақтау мен насихаттауда ерекше жауапкершілікті талап етеді.
"Ұлттық құндылықтардан бас тарту мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге және әдет-ғұрыптарымызға қашан да қауіп төндіреді. Ал бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың мызғымас негізін сақтау – ортақ парызымыз. Мен медиа-процест жүрген барша адамдарды контент жасауда мұқият болуға шақырамын. Кез келген шығармашылық жұмыста ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды құрметтеуге басымдық таныту керек. Жұдырықтай жұмылып, бірлесе жұмыс істеп қана халқымыздың басын біріктіріп, бөлшектеуге болмайтын бай мәдени мұрамызды сақтап қала аламыз", - деп жазды Балаева Facebook-тегі парақшасында.
Еске салайық, бұған дейін Желіде киіз үйде ұлттық киім киіп билеген қыздардың видеосы тараған еді.
Желі қолданушылары киіз үйде мұндай би билеу қазақ мәдениетін қорлайтынын жазған. Олар видео қатысушыларына жаза қолдануды талап етіп, түрлі пікір қалдырды.
Кейін би билегендердің бірі жігіт болып шықты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан