Балаева журналист Ботагөз Омарованың ұсталуына қатысты пікір білдірді

Балаева журналист Ботагөз Омарованың ұсталуына қатысты пікір білдірді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналист Ботагөз Омарованың ұсталуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша,  жағдай бақылауда.

"Сонымен қатар, мұндай жағдайларда заңда көзделген барлық рәсімдер аяқталғанға дейін асығыс түсіндіру жұмыстарын жасауға, дәлелсіз қорытындылар шығаруға және алдын ала баға беруге жол беруге болмайтынын ерекше атап өтеміз. Оқиға мәнін бұрмалау немесе процесс қатысушыларын негізсіз қаралауға әкелуі мүмкін мәлімдемелерге жол бермеу аса маңызды", — деді премьер-министрінің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Аида Балаева іс бойынша шешім әділ болатынына сенетінін айтты.

"Бұл іс бойынша шешім әділ болады деп сенемін. Таратылып жатқан ақпараттың дұрыстығын тексеру – "Масс-медиа туралы" Заңда бекітілген журналистердің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.

Сонымен қатар, заңнамада, атап айтқанда 68-бапта, журналистерді шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратқаны үшін жауапкершіліктен босататын жағдайлар қарастырылған, оның ішінде ресми сөздерді сөзбе-сөз, өзгеріссіз келтірілген болса.

Осы сияқты кез келген мәселелерді қарау барысында "Заң және тәртіп" қағидатын қатаң сақтау қажет деп есептейміз, өйткені заң баршаға ортақ және оны сақтау барлық азаматтар үшін міндетті.

Өз тарапынан министрлік жағдайды мұқият бақылап отыр және қажет болған жағдайда өз құзыреті аясында шаралар қабылдауға дайын. Сонымен қатар, барлық процессуалдық әрекеттер сыртқы араласусыз, заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтеміз", — деді ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget