Баладан “жынды шығарған“: Балалар құқығын қорғау комитеті видеоға қатысты түсінік берді

ҚР Білім министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитеті әлеуметтік желіде өзін емшімін деп атаған ер адамның жылап тұрған тоғыз жастағы қыздың денесінен "жын шығарып жатқан" видеоға қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство бұл оқиға алаңдаушылық туғызатынын айтты.

"Білім министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жағдайды бақылауға алды. Қазір балаға барлық қажетті көмек, соның ішінде кәсіби психологиялық қолдау көрсетіліп, онда балалар құқықтарын қорғау басқармасы жұмыс істеп жатыр, - деп атап өтті комитет.

Ведомство баланың денсаулығына қауіп төндіретін мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін де мәлімдеді.

Желіде тараған видеода жерде қолы байлаулы жатқан қызды екі адам ұстап тұрғанын көруге болады, балаға 19 жастағы Ләззаттың "аруағы" кіріп кетіпті-міс. Өзін емшімін деп атайтын Кейқуат Оспанов сұрақ қойып, оған бала емес, қыздың бойына кіріп алған "жын" жауап беріп жатқанына сенімді.

Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері 9 жастағы қыздан "жынды шығарып" жатқан видеоны тексеріп жатыр.

Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева айтты.

"Емші кәмелетке толмаған балаға рәсім жасаған бейнежазбаға қатысты: аталмыш іс бойынша ІІМ, өңірлік уәкілдермен жұмыс істеп жатырмыз. Емшінің жеке басы мен баланың тұрып жатқан жері анықталды. Ақпарат тексеріліп, мән-жайы анықталып жатыр", - деді Зәкиева.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!