Алматыда суррогат ана қытайлық ерлі-зайыптыдан өз қызметі үшін ақшасын ала алмай жүр, шетелдіктер баладан бас тартқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
27 жастағы Кристина Гаврилюктің сөзінше, кепілдендірілген сыйақы 7,5 миллион теңге болған. Әйелге эмбрион Алматыда салынған.
Қытайлық ерлі-зайыпты әйелге жүктілік кезінде ақшаны уақытылы беріп, ай сайын шамамен 200 мың теңге жалақы төлеп отырған. Бірақ жағдайы асқынуына байланысты Кристина Гаврилюк мерзімінен бұрын, яғни жетінші айда босанған. Ал қытайлықтар шала туған ұлды алудан бас тартқан.
"Кесарь тілігінен кейін оны бірден алып кетті. Шамамен төрт сағаттан соң маған медбике келіп, баланы тапсырғанын айтты. "Бәрі жақсы ма, тірі ме?" деп сұрадым. Ол "бәрі жақсы" деді. Биологиялық ата-анасы алдымен баланың денсаулығын тексеру үшін анализ алуды талап етті. Анализдер бәрі дұрыс екенін көрсетті. Бала салмақ қоса бастады. Кейін олар ДНҚ тест жасауды талап етті. ДНҚ тест олардың баламен туыстығын растады. Мен куратормен байланыста болдым. Бірақ кейін биологиялық ана жауап беруді тоқтатып, "баланы алып кетіңдер" деді", - дейді суррогат ана.
Кристина Гаврилюк дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. Өзінің алты жастағы қызы бар. Әйел екі рет суррогат ана болған, екі жағдайда да келісім сәтті аяқталған. Ал бұл жолы ақысын ала алмаған. Ол бөтен баланы тәрбиелейтін ойы жоқ екенін ашық айтып отыр. Сондықтан босанғаннан кейін бірден нәрестеден бас тарту туралы өтініш жазған.
Ал баланың биологиялық ата-анасы туралы ақпарат өте аз. Ерлі-зайыпты - Қытай азаматтары. Қазір олар қайда екені белгісіз. Процедура жасалған клиникадағылар пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартқан.
Полиция мұндай жағдайлар тек сотта қаралуға тиіс екенін мәлімдеді. Енді сәби үшін жауапкершілікті мемлекет өз мойнына алады. Қазір ол ата-анасы бас тартқан бала мәртебесінде.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова