- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Баладан айырыламыз“ -...
“Баладан айырыламыз“ - адвокат Тұрлыхановтың ұлын бас бостандығынан айырмауды сұрады
Алматының Медеу аудандық №2 сотында Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың ісі қарала бастады. Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша елге танылған адвокат Назкен Құсайынова сотта істі қорғап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот отырысында Назкен Құсайынова Нұрасыл Болатқа қатысты сот процесін БАҚ өкілдерінсіз, жабық есік жағдайында өткізуді сұрады.
"Пробациялық бақылауды ешқашан бастан өткермеген жас жігіттің психикасын бұл қатты қысып жіберді. Білезікті үнемі өшіру, инспекторлармен үнемі байланыста болу - менің қорғауымдағы адамға бес ай бойы Медеу ауданының пробация қызметі тарапынан үлкен қысым жасалды. Бұл Болат Нұрасыл үшін адам төзгісіз қысым болды. Түрме оны түзетпейді деп ойлаймын, біз жап-жақсы адамды, небәрі 21 жастағы баланы жоғалтып аламыз", - деді адвокат Назкен Құсайынова.
Ол соттан Болат Нұрасылды бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сотталушының өзі сотта өкінетінін айтты.
Бұған дейін сот барысында Медеу аудандық пробация қызметінің өкілі 21 жастағы Нұрасыл Болаттың пробациялық бақылауды бірнеше рет бұзғанын айтты.
Еске салайық, 2023 жылғы 11 ақпанда әскери қызметкер Нұрасыл Болат Алматыдағы түнгі клубтың жанында ерлі-зайыпты Анна мен Олег Черновтарды ұрып-соққан болатын.
Жақында мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың шартты мерзімде жүрген ұлы кезекті рет пробациялық бақылау тәртібін бұзғаны белгілі болды. Әлеуметтік желіде оның тойда жүргені түсірілген видео тарады. Оқиға 11 қазанда Алматыда болған.
Айта кетейік, бостандығын шектеу тәртібіне сай депутаттың баласына мұндай іс-шараларға баруға шектеу қойылған болатын.
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Нұрасыл Болат пробациялық бақылау талабын бұзғандықтан, оның жазасы бостандығын шектеуден, бостандығын айыруға ауыстырылуы мүмкін екенін хабарлады.
Ал журналистер оның әкесі, Мәжіліс депутатынан ұлының Алматыға тойға барғанын біле ме деген сұрақ қойды.
"Білген жоқпын. Бұл іске араласқым келмейді. Жас қой әлі... Онымен үнемі сөйлесетінмін. Қай әке баласының жаман болғанын қалайды? Әрине, бұл туралы ойлаймын. Біз оған қолымыздан келгеннің бәрін жасадық, бірақ неге және қалай болғанын білмеймін. Жасы небәрі 21 жаста болса да, соңынан аңдып жүр. Егер оның психикасына зардап тисе, кім жауапты? Сондықтан айтарым - менің балам өте жақсы, тәрбиелі. Енді достарымен араласа алмай ма? Туған күн кешіне баруға болмай ма? Бұл туралы қатты алаңдаймын. Баламның денсаулығы да алаңдатады", - деді Тұрлыханов Мәжіліс кулуарында.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан