Елімізді жыл сайын көтерілетін өзекті мәселелердің бірі - балабақша. Қанша бала балабақшамен қамтылған, ал қанша бала кезекте тұр? Биыл өршіп кеткен тәрбиешілер мәселесі қалай шешіледі? Олардың жалақысы қанша? Massaget.kz тілшісі бұл мәселе бойынша Мектепке дейінгі білім беру департаментіне сауал жолдады.
Департамент мәліметінше, қазір 2-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту - 88,8 пайыз. Оның ішінде мемлекеттік балабақшамен 489 640 бала қамтылған. Ал жалпы Қазақстан бойынша 2-6 жастағы 144 355 бала балабақша кезегінде тұр.
Департамент өкілдері балабақша тәрбиешілерінің орташа жалақысын атады.
"Білім беру ұйымдардың педагогтерінің, оның ішінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілерінің жалақы мөлшері олардың білім деңгейіне (жоғары, орта), біліктілік санатына ("педагог-шебер", "педагог-зерттеуші", "педагог-сарапшы", "педагог-модератор"), жұмыс өтіліне, орындалатын жұмысының көлеміне (тарификация бойынша нақты жүктемесіне) байланысты, сондай-ақ, өтемақы және ынталандыру сипатындағы төлемдерді ескере отырып есептелінеді. Мысалы, 2023 жылға бір ставкадағы тәрбиешінің орташа айлық жалақысы - қалада 213 497 теңге, ал ауылдық жерлерде 250 306 теңге", - делінген жауапта.
Бұдан басқа, кейінгі кезде балабақшаларда тәрбиешілердің балаларға қол көтеру дерегі жиілеп кетті. Бұған байланысты ведомство өкілдері қандай шара қолданып жатқанын айтып, "тәрбиешілерді іріктеуде өзгеріс енгізілді ме?" деген сұраққа жауап берді.
"Тәрбиешілерді жұмысқа қабылдау Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидасы негізінде жүзеге асырылады. Тәрбиешілерді тағайындау конкурсын балабақша жоғарыдағы қағиданың талаптарына сәйкес ұйымдастырып өткізіледі. Конкурсты өткізу мерзімі және конкурстық комиссияның құрамы ұйымның бұйрығымен айқындалады. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген адам хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдау мерзімінде электрон немесе қағаз түрінде жолдайды. Конкурс қорытындысы бойынша шешімді конкурстық комиссия тестілеу қорытындысы мен жалпы жинаған балдары негізінде қабылдайды. Қазір бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізілу мәселесі қаралмағанын хабарлаймыз", - делінген жауапта.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, биыл 252 жекеменшік балабақша ашылған.
"Еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға, орта білім беруге, балаларға қосымша білім беруге және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы №381 бұйрығына сәйкес мектепке дейінгі ұйымдарда, оның ішінде жекеменшік балабақшаларда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылады. Осыған орай, жыл сайын жекеменшік балабақша саны артып жатыр, оның ішінде 2023 жылы 22783 орынға арналған 252 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылды. Жекеменшік балабақшаларда 482 769 бала мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтылған", - деді департамент өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!