Балабақшада уланған балалардың саны 2 мыңға жуықтады

Балабақшада уланған балалардың саны 2 мыңға жуықтады
Фото: depositphotos.com

Ташкент облысының Аққұрған, Бөке, Піскент, Құйыршық, Бекабад аудандарында, сондай-ақ Алмалық пен Нұрафшон қалаларында балалардың жаппай тағамнан улану дерегі тіркелді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін Піскент пен Бөке аудандарындағы бірнеше балабақшада балалардың уланғаны хабарланған еді. Алғашында аймақтың медицина мекемелеріне 100-ден аса бала жүгінген.

UzNews.uz мәліметінше, Санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқат және қоғамдық денсаулық комитеті бүгінгі таңда 1900-ден аса баланың ауруханаға түскенін хабарлаған. Оның ішінде 930-нан аса балада улану белгілері анықталмағандықтан үйлеріне жіберілген. 941 баланың жағдайы жеңіл, тағы 22-сі – орташа ауыр деп бағаланған.

Піскент, Бөке, Бекабад, Аққұрған және Құйыршық аудандарының кейбір науқастары жергілікті ауруханаларда орын жетіспеуіне байланысты Алмалық пен Нұрафшон қалаларына жеткізілді.

Бұл аудандардағы балабақшаларды тамақпен үш аутсорсинг компаниясы қамтамасыз еткен. Олар айранды бір ғана жеткізушіден – Ташкенттің Учтепа ауданында тіркелген, бірақ өндірісін Аққұрған ауданында жүргізетін Shark Milk Product компаниясынан сатып алған. Өнімнен 540 үлгі алынып, зертханаға жіберілген.

Еске салайық, жаппай улану туралы алғашқы хабарлар 25 қыркүйекте таңертең шыққан. Сол кезде Піскент пен Бөке аудандарының ондаған тәрбиеленушісі ауруханаға түскен еді. Күннің екінші жартысында жалпы ауруханаға жеткізілген балалар саны 109-ға жетті, олардың басым бөлігі – Аққұрған ауданындағы балабақшалардың тәрбиеленушілері.

26 қыркүйекте медициналық көмекке жүгінген балалардың саны 1940-қа жетті. Улану жағдайлары жеті аудан мен қалада тіркелген: Аққұрған (413), Бөке (537), Піскент (430), Құйыршық (64), Бекабад (98) аудандары және Алмалық (285), Нұрафшон (113).

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек
Logotype Massaget