Ташкентте балабақшада тәжірибеден өтіп жүрген студент түскі үзілісте ұйықтамаған балаларға ине тыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі podrobno.uz басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, әлеуметтік желілерде Янгихает ауданының №122 балабақшасында күндіз ұйықтамаған балаларға тәрбиеші ине тыққанын айтқан ата-аналардың видеосы тараған. Мектепке дейінгі және мектептегі білім басқармасы өкілі бұл деректі растап, мұны тәжірибеден өтіп жүрген студент жасағанын мәлімдеген.
Студент биыл 11 мамырда тәжірибеден өту үшін балабақшаға қабылданған. Жағдайды анықтау барысында ол 26 мамырда ұйықтағысы келмеген бірнеше балаға ине тыққаны белгілі болған. Қазір студент тәжірибеден шеттетілген.
Бас прокуратура өкілі құқық қорғау органдары осы дерек бойынша тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Бұл іс Ташкент қалалық прокуратурасының бақылауында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!