Балабақшада бүлдіршінді буындырған тәрбиеші жұмыстан шығарылды

Алматыда төрт жасар бүлдіршінді буындырған тәрбиеші жұмысынан қуылды. Жекеменшік балабақша қазір жабық тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

Сұмдық жағдайға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан мекеме басшысы Әмина Юсупбаева әлеуметтік желіге шығып, баланың ата-анасынан кешірім сұраған.

"Жолдасым екеуіміз алғашқы балабақшаны осыдан 10 жыл бұрын аштық. Көпбалалы ата-ана ретінде біз де мектепке дейінгі тәрбие құндылығы мен өзімізге алған жауапкершілікті түсінеміз. Осы уақыт аралығында мұндай жағдайға бірінші рет тап болып отырмыз. Біз баланың әке-шешесінен кешірім сұраймыз. Балаға келтірілген зиянды өтеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз", - дейді "Ахляк" балабақшасының негізін қалаушы Әмина Юсупбаева.

Қоғамда қызу талқыға түскен оқиғадан кейін балабақша басшылығы тәрбиеші мен меңгерушіні жұмыстан қуып, директорға айыппұл салған.

Қазір полицейлер тергеу жүргізіп жатыр.

Еске салайық, бірер күн бұрын төрт жасар баланы орындыққа отырғызып, аузы-мұрнын қолымен жауып, тұншықтырып, ұрып-соққан тәрбиешінің әрекеті бейнебақылау камерасына жазылып қалған болатын. Сұмдық жағдайды бүлдіршіннің анасы әлеуметтік желіге жүктеген.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!