Ақтөбе облысында екпе алмаған балалар арасында көкжөтел ауруы көбейген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Соңғы бес айда облыста аталған ауру бойынша 106 адам тіркелсе, оны 63-інде инфекция зертханалық жолмен дәлелденген. Ауырғандардың барлығы — бала.
"Өткен жылмен салыстыратын болсақ, инфекцияның жоғарылауы байқалып отыр. Былтыр маусым айынан бастап тіркелді. Қараша, желтоқсан айларында өршіді. Өткен жылдың бес айында 82 дерек тіркеліп, оның 33-і зертханалық жолмен дәлелденген болатын. Инфекция бес-алты жылда осылай қайталанып отырады. Әсіресе сәбилер мен жасөспірімдерге өте қауіпті. Күн жылынғалы инфекцияның өршуі мамыр айында байқалды. Қазір жағдай қалыпты. Алайда баласына екпе алмаған ата-аналар алаңдауы керек", — деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.
Облыста көкжөтелге шалдыққан балалардың барлығы екпе алмаған. Ал мамандар бұндай балалар инфекцияны тез жұқтырып алатынын айтады. Ауру асқынса соңы өлімге әкелуі мүмкін. Себебі бала үздіксіз жөтелгенде миы қабынып, дем жетпей қалады екен. Сондықтан мамандар "балаға екпе салдыру маңызды" деп отыр.
"Иммунитеті күшті адамдар өзі ауырмаса да тасымалдаушы болады. Жаз айында ойын-сауық орталықтарында, қоғамдық жерлерде адам көп жиналады. Осындай жерлерде бала инфекцияны жұтырып алуы мүмкін. Сондықтан баланың екпе алғаны дұрыс. Қазір екпе біріктірілген, яғни бірнеше инфекцияға қарсы екпені бір рет салады. Екпені салудың өз уақыттары бар", - деді Мұхтар Сербаев.
Аурудың алғашқы белгілері суық тиюге ұқсас. Қызу көтеріліп, мұрын бітіледі. Осындай белгілер байқалса, ата-ана бей-жай қарамауы керек.
Кәмшат Сексенбайқызы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!